Accessibility links

АҚШ-тың Ресейдегі елшісін Уилан ісі бойынша сотқа кіргізбеді


Джон Салливанның Кремльде Владимир Путиннің қабылдауына барған сәті, 5 ақпан 2020 жыл
Джон Салливанның Кремльде Владимир Путиннің қабылдауына барған сәті, 5 ақпан 2020 жыл

АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Салливан "тыңшылық жасады" деп айыпталған Пол Уиланның жабық сотына тағы да кіргізбегені үшін Ресей билігін сынады.

Бұрынғы теңіз жаяу әскерінің солдаты Пол Уилан 2018 жылы желтоқсанда Мәскеуде тұтқындалған. Тергеу мәліметіне қарағанда, одан Ресейдің мемлекеттік құпия мәліметтері бар флешка "алынған". Уилан соты биыл, 2020 жылы наурызда басталған. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды, "саяси астары бар арандату" деп санайды. Оның туыстары Пол Уиланның тойға келгенін айтады. Уиланның АҚШ-тан өзге Канада, Ирландия және Ұлыбритания азаматтығы бар.

АҚШ елшісі Джон Салливан Уилан Ресей түрмесінде медициналық көмексіз қалғанын бірнеше рет мәлімдеп, сотты ашық өткізуді сұраған.

"Америка дауысы" радиосы америкалық инвестор Майкл Калви ісі секілді бұл процесс те Мәскеу мен Вашингтон арасын одан әрі ушықтыра түседі деп есептейді. Уилан кінәсін мойындаған жағдайда 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Бұған дейін АҚШ бизнесмені Майкл Калви "Восточный" банкінен екі жарым миллиард рубль жымқырды" деген күдікпен 2019 жылы ақпанда қамауға алынған. Серіктері бұл істі "тапсырыс" деп есептейтінін мәлімдеген. Олардың сөзінше, Калвидің ісі қылмыстық қудалауға жатпайтын шаруашылық таластың бірі.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG