Алматы облысы Шамалған кентінде былтыр қырүйекте болған автобус пен пойыз соқтысу оқиғасына қатысты сот үкімі шығып, станция кезекшісі Ахмеджанов үш жарым жыл шартты жазаға кесілді. Бұл туралы Қарасай ауданы сотына сілтеме жасап Tengrinews.kz сайты хабарлады.
Қарасай ауданы сотының мәліметінше, Ахмеджановқа Қылмыстық кодекстің 344-бабы бойынша (Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) айып тағылған.
Былтыр 15 қыркүйектегі Ақсеңір-Шамалған тұсында жолаушылар пойызы мен автобус соқтығысып, оқиғадан бір адам қайтыс болып, үш адам жараланған. Биліктің мәліметінше, автобуста 20 адам болған. Олардың 16-сы автобустан шығып үлгерген. Автобус жүргізушісі қайтыс болды. 33 жастағы әйел мен екі баласы ауыр жараланып, ауруханаға түскен.
16 қыркүйекке қараған түні Шамалған станциясына ондаған адам жиналып, жергілікті биліктен автобус пен пойыз жолы түйіскен тұсқа көпір салуды талап еткен. Бірақ билік оқиға болған жерге көпір салмайтынын, ол тұста талапқа сай шлагбаум мен бағдаршам барын алға тартқан.
Куәгерлер автобустың алды-артында көлік тұрғандықтан орнынан жылжи алмай қалғанын жеткізген. Билік станциядағы сигнализация пойыз Шамалғанға 2,4 шақырым қалғанда автоматты түрде іске қосылғанын, бірақ шлагбаум сол маңда көліктер тұрғандықтан толық жабылмай қалғанын айтқан.
ПІКІРЛЕР