Accessibility links

Өзбекстан "Ресей үгіт-насихатын жүргізетін сайттар арандатып отыр" деп сынады


Өзбекстан әділет министрлігінің ғимараты
Өзбекстан әділет министрлігінің ғимараты

Өзбекстан әділет министрлігінің өкілі "Ресей үгіт-насихатын жүргізетін сайттар арандатып отыр" деп айыптай сөйледі.

Өзбекстан әділет минисрлігінің баспасөз хатшысы Севара Уринбаева Ресейдің кей ақпарат құралдары мен Өзбекстандағы кейбір орыс тілді сайттарды министрлік ұсынған заң жобасын бұрмалап түсіндірді деп сынады.

Таяуда "Өзбекстан Республикасының Әкімшілік жауапкершілік кодексінің 42-бабына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы қоғам талқылауына шығарылған. Жобада мемлекетттік органдар мен мекемелер жұмысында мемлекеттік тіл туралы заң талаптары сақталмаса, жауапты лауазымды тұлғаларға 446 мыңнан 1,1 миллион сумға дейін ($44-108) айыппұл салу мәселесі қарастырылған.

Севара Уринбаеваның сөзінше, бұл бастаманың тек қана мемлекеттік органдарға қатысы бар, одан Өзбекстанда ешкімнің құқығына нұқсан келмейді.

"Мұны Ресейдің үгіт-насихат сайттары бұрмалап, арандата бастады. Ресейдің Regnum ақпарат құралы "Өзбекстанның мемлекеттік органдарында орыс тілін қолданғандарға айыппұл салынады" деп жазса, жергілікті Vesti.uz сайты "Өзбекстан Пушкин тіліне айыппұл салмақшы ма? деп жазды. Айырмасын байқадыңыздар ма? Үкімет мемлекеттік органдарды өзбек тілін құрметтеуге шақырса, арандатушылар "Өзбекстанда орыс тілін қолданғандарға айыппұл салынады" дегісі келеді", – дейді Өзбекстан әділет министрлігінің өкілі.

- Егер үкімет мекемелерінің лауазымды қызметкерлері Өзбекстанда тұратын болса, онда өзбек тілін құрметтеуге міндетті, олай етпесе айыппұл - жақсы нәтижеге жеткізудің бір жолы, – деді Уринбаева.

Уринбаеваның сөзінше, Өзбекстанда тұратын азаматтарға өзге тілде сөйлегені үшін айыппұл салынбайды.

Конституция бойынша Өзбекстанда мемлекеттік тіл – өзбек тілі. "Өзбекстанның мемлекеттік тілі туралы" қолданыстағы заңда орыс тіліне ұлтаралық тіл мәртебесі берілмеген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG