Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Аида Балаева ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды.
Балаеваның саяси карьерасы 1999 жылы басталып, біраз уақыт Алматы қаласы әкімдігінде ақпарат, ішкі саясат басқармаларында жұмыс істеген. 2008 жылы Астана қаласы ішкі саясат басқармасын басқарды. 2010-2014 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болды. 2014 жылы президент әкімшілігіне ауысқан. 2019 жылы шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Балаеваны өзінің көмекшісі ретінде тағайындады. Бұл қызметпен қатар Балаева президент әкімшілігіндегі Тоқаевқа келіп түскен өтініштер мен арызданды бақылау бөлімін басқарды. Балаева президент әкімшілігінде осы бөлімді басқарып тұрған тұста көп балалы әйелдер, жалғызбасты әйелдер я мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар биліктен жәрдемақы мен баспана беруді жиі талап еткен. Олар арыздарын айтып, президент әкімшілігіне де бірнеше рет барған еді.
Қазақстан саяси аренасында күтпеген ауыс-түйіс сенбіде болып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сенатының спикері Дариға Назарбаеваның (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы) өкілетін тоқтатты. Бүгін, 4 мамырда президент әкімшілігінің бірінші орынбасары болған Мәулен Әшімбаев сенат төрағасы болып сайланды. Ал осыған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметін атқарған Дәурен Абаев президент әкімшілігінің бірінші орынбасары болып бекітілді.
Дариға Назарбаеваның қандай да бір қызметке тағайындалатыны я тағайындалмайтыны белгісіз.
Қазақстанда сенат спикері - билік иерархиясындағы екінші адам. Конституция бойынша, президент қайтыс болса не денсаулығына байланысты қызметін атқара алмаған жағдайда оның қызмет өкілеті мерзімі аяқталғанша сенат төрағасына өтеді.
ПІКІРЛЕР