Ақмола облысының Целиноград ауданы жедел жәрдем қызметкерлерін аудан әкімдігіне шақырып, құқық қорғау органдары жазбаша ескерту берді. Ескертуде жедел жәрдем қызметкерлері үстеме ақы мәселесін көтеруге жиналатын болса, ақшалай айыппұл салынып, 30 тәулікке дейін қамауға алынатыны жазылған.
Кеше, мамырдың 5-сіне Целиноград ауданы жедел жәрдем қызметкерлері COVID-19 жұқтырған науқастармен жұмыс істесе де мемлекет тағайындаған үстеме ақы берілмегеніне наразылығын айтпақ болған.
Жедел жәрдем қызметкерлерінің өкілі Бекзат Алтынбек пен Шухрад Ахмедов Азаттық тілшісімен сөйлескенде үстеме ақы сәуірдің 10-ына толық төленетіні жайлы басшылық уәдесі орындалмағанын және коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі аяқталған соң үстеме ақыны мүлде ала алмаймыз ба деп қауіптенетінін білдірген.
Жедел жәрдем қызметкерлеріне әкімдік пен құқық қорғау органдары берген ескертуде "Төтенше жағдай кезінде қоғамдық - саяси жағдайды бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің «Төтенше жағдай режимiн бұзу» бабы (476-бап) 3-4 тармағы бойынша (жиналыстар, митингiлер, шерулер және демонстрациялар, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды өткiзуге тыйым салу; 4) ереуiлдер өткiзуге тыйым салу) жауапқа тартылатыны жазылған.
Ескертуде бұл бап бойынша 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатыны немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынатыны көрсетілген.
Алайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2014 жылы 5 шілдеде қабылданған кодекстің аталған бабы мен тармақтары бойынша "ескерту жасалатыны немесе он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынатыны" жазылған.
Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Алма Айтқожинованың сөзінше, бұл - "профилактикалық мақсатта берілген ескерту". Бірақ Целиноград ауданының жедел жәрдем қызметкерлері Азаттық тілшісімен сөйлескен "Бекзат Алтынбек пен Шухрад Ахмедовті және тағы екі адамды қысымға ала бастады" деп санайды.
Бүгін түстен кейін Азаттық тілшісіне тағы да хабарласқан жедел жәрдем қызметкері, фельдшер Бекзат Алтынбек есепшотына 150 мың теңге түскенін айтты. Ол Нұр-Сұлтан қаласында өзі секілді жұмыс істейтін әріптестерінің 400 мың теңгеден жоғары үстеме ақы алып жатқаны жайлы құжат көшірмелерін көрсетті.
Кеше Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Әсел Қалдыбаева жедел жәрдем қызметкерленің үстеме ақысы қайта есептеліп жатқанын, бірақ олардың 36 мыңнан 330 мың теңгеге дейін ғана алатынын айтқан.
30 наурызда Қазақстан үкіметі коронавируспен ауырғандармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне қосымша үстеме ақы тағайындаған. Президент жарлығында үш санатқа бөлінген медицина қызметкерлеріне 212 мыңнан 850 мыңға дейін үстеме ақы төленетіні айтылған.
Кейін Қазақстанның әр аймағында дәрігерлер "бұл қаржының кейбір санаттағы медицина қызметкерлеріне ғана беріліп жатқанына" наразы болып, үстеме ақыны науқастармен күнделікті жұмыс істеп жүргендердің бәріне төлеуді талап еткен.
Бұған дейін Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Ақтау қаласының жедел жәрдем қызметкерлері де осындай талап қойған.
ПІКІРЛЕР