Accessibility links

Ресей вирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде бесінші орынға шықты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейде соңғы бір күнде 11 231 адамнан коронавирус табылды, 86 адам қайтыс болды. Бұл туралы коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады. Эпидемия басталғалы бері коронавирус жұқтырғандар 180 мың адамға жетті. 1625 науқас қайтыс болды. Осылайша Ресей вирус жұқтырғандар саны жағынан Германия мен Францияны қуып жетіп, әлем бойынша бесінші орынға шықты.

Роспотребнадзор мәліметінше, бұған дейін 170 мыңнан астам тест жүргізілген. 230 мыңнан астам адам дәрігерлер бақылауында.

11 мамырдан кейін Ресейде жұмыссыз апта режимі аяқталуы тиіс. Роспотребнадзор эпидемияға байланысты енгізілген шектеу шараларын үш кезең бойынша алып тастайтынын мәлімдеген. Карантин шараларын жұмсарту туралы шешімді аймақ басшылары қабылдайды.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин қалада 11 мамырдан кейін де оқшаулау режимі күшінде қалады деп мәлімдеді. Яғни, Мәскеу тұрғындары келесі аптада да таза ауада серуендеп, спортпен айналыса алмайды. Бірақ өнеркәсіп пен құрылыс компанияларының жұмысқа оралуына рұқсат етілген. Қызмет көрсету саласында істейтін кәсіпорындар жабық болады.

Мәскеуде эпидемия басталғалы бері 92 мыңнан астам адам коронавирус анықталған. 900-ден астам адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG