Украина президенті Владимир Зеленский Одесса облысының бұрынғы губернаторы, Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилиді Реформа бойынша ұлттық кеңестің Атқарушы комитетінің басшысы етіп тағайындады. Шешім 7 мамыр кешкісін Украина президентінің сайтында жарияланды. Зеленский Саакашвилиді құттықтап, кеңес жұмысын жандандырып, елдің дамуына үлес қосады деп үміттенеді.
“РБК Украина” агенттігінің мәліметінше, Реформа бойынша ұлттық кеңес 2014 жылы құрылған және президент жанындағы кеңесу органы саналады.
Бұған дейін Саакашвили үкіметтен қызмет алуы мүмкін деген хабар тараған. Ал Саакашвили Зеленский өзіне премьердің реформа бойынша орынбасары қызметін ұсынғанын айтқан. РБК агенттігінің жазуынша, Зеленскийге үкіметтен орын ұсыну парламенттегі Зеленскийдің партиясы “Слуга народа” фракциясы ішінде сынға ұшыраған, Грузия да бүған қарсылық білдірмек болған. Тбилиси Киевтен Саакашвилидің экстрадициясын талап етіп келеді. Грузияда 2004-2013 жылы президент болған саясаткерге бұл елде бірнеше қылмыстық іс қозғалған, оның ішінде қызметін асыра пайдаланды деген айып та бар.
Ақпарат агенттіктері Саакашвилиді Украинада премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындауға Радада дауыс жетпейтінін жазды. “Цензор.нет” сайтының ақпараты бойынша, үкімет дауыс жетпейтін болғандықтан Саакашвилиді бұл қызметке тағайындау ұсынысын қайтарып алған. Кейін Саакашвили өзіне Реформа бойынша кеңестен қызмет ұсынғанын айтты.
ПІКІРЛЕР