Accessibility links

Билік 11 мамырдан бастап 42500 теңге жәрдемақыға өтініш қабылдамайды


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Біржан Нұрымбетов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Біржан Нұрымбетов.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай аяқталғандықтан, 11 мамырдан бастап 42500 теңге (шамамен 95$) жәрдемақыға өтініш қабылданбайды. Бұл туралы бүгін, 11 мамырда Нұр-Сұлтандағы брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

Қазақстан билігі 11 мамырда елде коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдайды аяқтады. Бірақ елде карантин шаралары сақталып, осыған дейінгі шектеулердің біраз бөлігі сол күйі қалды. Қаладағы блокпостар да алынған жоқ.

Министрдің сөзінше, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғандарға берілетін бұл жәрдемақыны 4 млн 539 мың адам алған. Бұл үшін бюджеттен 193 млрд теңге бөлінген. Нұрымбетов өтінішін 16 сәуірге дейін өткізгендер жәрдемақыны екінші айға да ала алады деп мәлімдеді.

“Екінші айдың жәрдемақысын мамыр айының басынан бастап төлей бастадық. Демалыстардың алдында, 5-6 мамырда екі миллионға жуық адамның шешімін рәсімдеп 99 млрд теңге банктерге жібердік. Біраз адам алып үлгерді. Демалыс күндері банктер жұмыс істемеген соң бүгін де береміз” деді Нұрымбетов.

Билік 1,6 млн адамның сәуір-мамырдағы коммуналдық төлемдерін өтеуге уәде берді.

Үкімет 16 наурызда елде төтенше жағдай жариялағанда 42500 теңге көмек тағайындаған. Оппозицялық саясаткерлер жұмыссыз қалған жұртқа биліктің көмегінің мардымсыз екенін айтып сынаған.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар 5200 адамға жуықтады. 2020 адам дерттен айықты. 32 адам қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG