11 мамырда Ақмола облысы Целиноград ауданы Қаражар ауылы тұрғындары блокпосты ашуды не өздерін Нұр-Сұлтанға кіргізуді талап етіп, астанаға кіреберіс жолды жапты.
Жеті баланың анасымын деген Қаражар тұрғыны Алма Боқашеваның айтуынша, Нұр-Сұлтаннан бар болғаны екі шақырым жердегі ауылда жарық, су, интернет мүлдем жоқ. Ауыл адамдары қалаға қатынап жұмыс істеп күн көреді.
- Балаларымыз осы карантин кесірінен қаңғып кетті. Табатыны 65 мың теңге, пәтерге 65 мың теңге төлейді. Ал енді аштан қырылмағанда халықтың не жағдайы қалды? Нұр-Сұлтанда жоғары билікте отырғандары осыны ойлай ма? - деді ол.
Оның сөзін қоштаған Гүлмира Нұрпейісова қалаға кіріп шығу мәселесін шешпесе, ешқайда кетпейтінін, себебі өзінің жұмыссыз қалу қаупі барын айтты.
Қалаға кіргізуді талап еткен жұртқа Целиноград ауданы әкімі Бахидбек Оспанбеков келіп, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен сөйлескенін, тізім жасалса, рұқсат берілетінін айтты. Бірақ оған сенбейтінін айтқан ауыл адамдары тараудан бас тартып екі сағаттай кетпеді.
Наразы жұртты полицейлер мен арнайы жасақ бақылап тұрды. Қаражар ауылы әкімі келіп жұртты тыныштандыруға тырысып, тұрғындарды ауыл пунктіне жиналып тізімге тіркелуге шақырды. Күн астында тұрып шаршаған жұрт ақыры көніп, ауылдарына қарай кетті.
Қазақстанда 16 наурызда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, 19 наурыздан Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылған еді. 11 мамырда Қазақстан билігі елде төтенше жағдай режимін аяқтады. Бірақ елде карантин сол күйі қалды. Қалалардың шетіндегі блокпостар да ашылған жоқ. Облыста тұрып, қалада жұмыс істейтіндер аймақ әкімдіктерінің мақұлдаған тізімімен қалаға кіре алады. Төтенше жағдай аяқталған соң билік табыссыз қалған жұртқа берілуі тиіс 42500 теңге (95$) көмекті де тоқтатты.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар 5200 адамға жуықтады. 2020 адам дерттен айықты. 31 адам қайтыс болды. Елде вирус тарауына байланысты 16 наурыздан – 11 мамырға дейін төтенше жағдай болды. Бұл – Қазақстан тарихындағы ұзаққа созылған алғашқы ТЖ режимі.
ПІКІРЛЕР