Accessibility links

COVID-19 экономикасы: Қазақстан мен өзге елдерде жұмыссыздық көбейді


Алматы қаласының кіреберісіндегі блокпост. 11 мамыр 2020 жыл.
Алматы қаласының кіреберісіндегі блокпост. 11 мамыр 2020 жыл.

Коронавирусқа тосқауыл қою мақсатында енгізілген жаппай карантин шаралары кесірінен дүниежүзінде жұмыссыздық күрт көбейді, әлем елдері бұл мәселені түрлі жолмен шешіп жатыр.

Экономикадағы цифрлар тіпті коронавирустан қайтыс болып жатқандардың санынан да үрейлі көрінеді. Экономикасы шатқаяқтаған әлем елдері карантиннің денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салаларына тигізген зардаптарымен әркелкі күресіп жатыр. Пандемияның ең үлкен салдары – жұмыссыздық күрт артып кетті.

Халықаралық еңбек ұйымының соңғы есептеуі бойынша, 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында әлемдегі жұмысқа қабілетті адамдардың жартысы, яғни 1,6 миллиард адам нәпақасынан айырылуы ықтимал.

БҰҰ-ға қарайтын бұл мекеменің болжамы бойынша, жұмыс сағаттарының қысқаратыны сондай, азаятын жұмыс уақытының ауқымы толық штаттағы 305 миллион адамның жұмыс ауқымына тең болмақ. Экономикалық белсенділік төмендейді, тіпті жұмыс істеп жүрген адамдардың арасында кедейлік өседі. Сауда саттық, өндіріс, көлік жендеу, қонақүй, азық-түлік дайындау және жылжымайтын мүлік секторлары бәрінен көп зардап шекпек.

Жаһанның барлық бөлігінде жағдай мәз емес. Әсіресе қос Америка жұмыс уақытының 12 пайызын жоғалтса, Азия 11,8 пайыз, қалған аймақтар 9,5 пайыздың үстінде жұмыс ауқымынан айырылды.

Мемлекеттер өз азаматтарының және экономиканың тамырына қайтсек қан жүгіртеміз деп түрлі тәсілдерді қолданып жатыр.

ҚАЗАҚСТАН: ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ АЯҚТАЛДЫ

Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел Қазақстан коронавируспен тіркелген адам саны жөнінен де аймақта көш бастап тұр. Ел басшылығы Ресейдің үлгісімен 11 мамырда төтенше жағдайдың аяқталғанын хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі бірыңғай салық төлемі жүйесінің өзгеретінін, яғни табысы жоғарылардың салығы ұлғайып, табысы төмен адамдар аз салық төлейтінін айтты.

Ел үкіметі төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылғандарға 42500 теңге (101 АҚШ доллары) көлемінде жәрдемақы тағайындаған. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жәрдемақыны 4,5 миллионға жуық азамат алған. Төтенше жағдай аяқталған күні жәрдемақыға өтініш қабылдау тоқтатылды, бұдан былай жәрдемақының берілмейтіні айтылды.

Алматыдағы базарлардың біріне кіріп келе жатқан адамдар. 25 сәуір 2020 жыл.
Алматыдағы базарлардың біріне кіріп келе жатқан адамдар. 25 сәуір 2020 жыл.

Оның үстіне президент Тоқаев жекеменшік банктерді төлем қабілеті нашарлаған азаматтардың ай сайынғы төлемін кері шегеруге шақырған.

Төтенше жағдай режимі аяқталса да, елде карантин режимі сақталды. Жаңа нұсқаулық бойынша, инфекция жұқтырғандар саны бір апта бойы төмен болған аймақтар үлкен дүкен, кеңсе ғимараты, базар сияқты орындарды аша алады.

Ірі қалаларға кіруге мүмкіндік жоқ болғандықтан, шет жақта тұратын мыңдаған адам жұмыс орындарына бара алмай отыр. Президент түрлі бағдарламалардың аясында жұмыс орындары ашылады дегенімен, мұның механизмдері, нәтижесі туралы нақты хабарланған жоқ.

Ал елдің үкіметтік емес ұйымдары болса, Тоқаев коронавирустың таралуымен күреске жұмсалды деген 13 миллиард доллардың қалай жұмсалғанын ашық көрсетуді талап етті.

Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл Қазақстанда экономика 2,5.пайызға төмендеп, жұмыссыздық 4,8 пайыздан 7,8 пайызға артады.

Кей сарапшылардың айтуынша, жыл басынан бері жұмыссыздық көлемі 0,4 пайызға өскен.

АМЕРИКА: АҚША ТАРАТУ ӘДІСІ

Әлемнің ең ірі экономикасында жұмыссыздық деңгейі шарықтап, әлеуметтік қамсыздандыру мекемелеріне үлкен салмақ түсті, коронавирус пандемиясы шарықтау шегінде тұрса да, экономиканы қайта ашу туралы ұсыныс көп айтыла бастады.

Сәуірде жұмыссыздық 1930 жылдардағы ұлы депрессиядан бергі ең төмен көрсеткішке құлдырап, 14,7 пайыз болды. Конгрестің бюджет кеңсесінің есептеуінше, бұл көрсеткіш жыл соңына қарай 12 пайыз көлемінде сақталмақ.

Карантинге қарсы акцияда тұрған адамдар.
Карантинге қарсы акцияда тұрған адамдар.

Мамырдың 12-сіне сенатта өткен тыңдауда Американың инфекциялық аурулар бойынша әйгілі сарапшысы Энтони Фаучи "карантиннен тым ерте шықсақ, азаматтар зардап шегіп, өлім-жітім көп болады" деді және штаттарды президент Дональд Трамптың "Американы қайта ашу" жоспарындағы нұсқауға бағынуға шақырды.

Ал Трамптың экономика бойынша кеңесшілері болса, бұлай тұра берсе, жұмыссыздық тіпті өршіп, мамыр-маусымда 20 пайыздан асып кетуі мүмкін деп, экономикаға үлкен залалын тигізбеу үшін карантиннен жылдам шығуға шақырды.

Экономикаға жәрдем беру үшін АҚШ 3 триллионға долларға жуық түрлі көмек пакеттерінен тұратын жоспар ұсынып, бюджетті ұлғайтты. Наурызда қабылданған АҚШ тарихындағы ең ірі көмек жоспарының бюджеті 2 триллион болған. Оның үстіне, үкімет азаматтарға көмек ретінде тікелей тарату үшін 500 миллиард, ірі өнеркәсіп орындарына несиеге 200 миллиард, ал шағын өнеркәсіпке – 300 миллиард доллар бөлуді ұйғарған.

Коронавирус жұқтырған науқасты ауруханаға апара жатқан медицина қызметкерлері. Нью-Йорк, АҚШ.
Коронавирус жұқтырған науқасты ауруханаға апара жатқан медицина қызметкерлері. Нью-Йорк, АҚШ.

Заң шығарушылар көмектің жаңа пакетін әзірлеуді талқылап жатса, өкілдер палатасындағы демократтар азаматтарға тікелей жәрдем беру, бизнесті қаржыландыру, жағдайы қиын штаттар мен қалаларға көмектесу, студенттерге несие беру және пәтер жалдау мен ипотека төлемдерін жеңілдету бойынша жаңа заң жобасын дайындап жатыр.

Дегенмен, бұл шараларға республикалықтар қарсы шығуы ықтимал. Оның үстіне, демократтар арасында да "бұл шара азаматтарға толық жалақы төленеріне кепіл бола алмайды" деп санайтындар бар.

ИСПАНИЯ: ФИНН ҮЛГІСІ – БІРЫҢҒАЙ БАЗАЛЫҚ ТАБЫС

Соңғы кездері бірыңғай базалық табыс идеясы кең тарап, оны әлемнің кей саясаткерлері талқыға сала бастады. Рим папасы да пасхада сөйлеген сөзінде бұл ұсынысты қарастыратын "уақыт жеткен сияқты" деді.

Бұл идея көбіне Финляндияға қатысты айтылады, 2017-2018 жылдары мұнда кездейсоқ жағдайда таңдалған 2 мың жұмыссыз азаматқа ай сайын тұрақты түрде 600 доллардан төлеп отырған. Жәрдемақы алатын кісілер жұмыс іздеуге міндеттелген жоқ, басқа табыс тапқан жағдайда ақшасы азайтылған да жоқ.

Мамырдың басында осы екі жылдық зерттеудің нәтижесі жарияланды. Соған сәйкес, қатысушылардың менталдық және қаржылық ахуалы жақсарған. Олар өздерін бақыттырақ сезінген, бірақ жұмыс табуға асықпаған.

Көшеде маска тағып кетіп бара жатқан адам. Мадрид, Испания, 4 мамыр 2020 жыл.
Көшеде маска тағып кетіп бара жатқан адам. Мадрид, Испания, 4 мамыр 2020 жыл.

Коронавирус пандемиясы басталғанда бірыңғай базалық табысты қолдайтындар да көбейді.

Әлемде коронавирустан ең көп зардап шеккен ел – Испания осы айда елдің ең кедей деген 3 миллиондай азаматын базалық табыспен қамтамасыз ететін заң қабылдағалы жатыр.

Испаниядағы отбасылардың бестен бірінің айлық табысы 270 доллардан төмен. Еуропаның төртінші ірі экономикасы саналатын бұл елде жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық көлемі 14,4 пайызға жетті.

Әлеуметтік қорғау министрі Хосе Луис Эскрива мұндағы басты идея – жұмыс табуға мүмкіндік беру, сөйтіп азаматтардың жәрдемақы мен жалақыны біраз уақыт қатар алып отыруына мүмкіндік беру деді.

"Жұмыс табуға ынталандыру болмаса, адамдар еңбек нарығынан жұмыс қарастырмай, жәрдемақыны пайдаланып отыра береді" деді Эскрива.

ГЕРМАНИЯ: ДАҒДАРЫСПЕН 'KURZARBEIT' АРҚЫЛЫ КҮРЕСУ

Жұрттың көбі Еуропа одағының ең ірі экономикасы – Германияға үлгі ретінде көз тігіп отыр.

Мұнда қабылданған 'kurzarbeit', яғни қысқа мерзімдік жұмыс бағдарламасы бойынша, мекемелер жұмыс уақыттарын қысқартқанымен, жұмысшыларға жалақысының 60 пайызын төлеп отырады, бұл үшін оларға субсидияны үкімет береді.

Мейрамхана мен қонақ үй иелері коронавирус пандемиясы кезінде қиын жағдайда қалғанына өзгелердің назарын аудару үшін Дрезден қаласындағы алаңға орындықтардан "SOS" сөзін құрастырып қойды. Германия, 1 мамыр 2020 жыл.
Мейрамхана мен қонақ үй иелері коронавирус пандемиясы кезінде қиын жағдайда қалғанына өзгелердің назарын аудару үшін Дрезден қаласындағы алаңға орындықтардан "SOS" сөзін құрастырып қойды. Германия, 1 мамыр 2020 жыл.

Жалақыны сақтау бағдарламасы Германияда жұмыссыздық деңгейін қалыпты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, мұнда биыл жұмыссыздық 3,9 пайыз болмақ, ал былтыр бұл көрсеткіш 3,2 пайыз болған еді.

Бұл әдісті мақтағандар көп болды. Мәселен, Халықаралық еңбек ұйымының басшысы бұл бағдарлама процестің де институттардың да жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді деп, оны басқа елдерге үлгі ретінде ұсынды.

Германия 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысынан осы "kurzarbeit" бағдарламасының арқасында абыроймен шыққан соң, Ұлыбритания. Италия, Нидерланд сияқты елдер өзінше нұсқаларын жасап, өз елінде пайдаланған.

Дегенмен, кейбіреулердің айтуынша, бұл бағдарлама жақсы болғанымен, ұзақ уақыт жұмыс істей алмайды.

Мюнхендегі Экономикалық зерттеу институтының дерегі бойынша, Германиядағы компаниялардың жартысы шамамен 10 миллиондай адамның жалақысын субсидиямен жабу туралы өтініш берген. Бұл жоба бойынша, компания жұмысы қайта жанданғанда жұмыс күші қайта іске кірісуге дайын болады. Ал компания іске кірісе алмаса, жұмыссыздықтың өсуінен қашып құтылу мүмкін емес.

Биыл елдің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға төмендейді деген болжам бар, олай болса, терең рецессияға түсіп кету қаупі бар. Қазірдің өзінде автокөлік, қонақүй, мейрамхана, саяхат салаларындағы компанияларын жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр болып жатыр.

Экономикалық зерттеу институтының тұжырымы бойынша, коронавируспен күрес аясындағы шектеулер алынып тасталмаса, Германиядағы компаниялардың үштен бірі тек үш айдай ғана құрдымға кетпей аман тұрады.

РЕСЕЙ: ЖҰМЫСҚА БАРМАЙТЫН ДЕМАЛЫС АЯҚТАЛДЫ

Ресей коронавирус пандемиясынан қатты зардап шегіп жатыр. Мәскеу індет жұқтырғандардың санын азайтып көрсетіп отыр деген күннің өзінде қазір бұл ел ауырғандар саны бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Мұнайға деген сұраныс төмендегендіктен, Ресей қара алтын экспортына тәуелді экономиканы ұстап тұруға күш салып жатыр.

Экономиканы қайта ашу індеттің таралуын өршітеді деген болжамға қарамастан, президент Владимир Путин наурыздың соңында жарияланған "өмірлік маңызы жоқ еңбектегі жұмысшыларды жұмыстан босату" кезеңінің аяқталғанын жариялады.

Теміржолмен мұнай таситын цистерналар. Омбы, Ресей, 1 мамыр 2020 жыл.
Теміржолмен мұнай таситын цистерналар. Омбы, Ресей, 1 мамыр 2020 жыл.

Бір айдың ішінде жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші екі есе өсіп, 1,4 миллион адамға жетті, көп компания қызметкерлеріне толық жалақы төлей алмай қиналып отыр.

Экономиканы қайта ашқан Путин енді пандемияның "екінші кезеңіне" және экономикаға жәрдемдесудің басқа түрлеріне көңіл бөлінетінін айтты.

Билік отбасыларға жәрдемақының жаңа түрлерін тағайындады, ал компанияларға салық пен несие төлемдерін шегеруге мүмкіндік берілді, бұл ақшаны олар жұмысшыларға жалақы төлеу мақсатына пайдалана алады. Үкімет басында "ең басты мақсат – жұмыс орындарын сақтау" деп мәлімдегенімен, көбіне несиелерді субсидиялауға жәрдемдесті, 1 миллиард доллардан астам ақша тікелей қаржылық көмекке жұмсалды.

Коммуналдық қызмет ақысын төлеуге келген адам ақшасын санап тұр. Көрнекі сурет.
Коммуналдық қызмет ақысын төлеуге келген адам ақшасын санап тұр. Көрнекі сурет.

Ал Ұлттық әл-ауқат қорына жиналған 160 миллиард долларға тиіспейтін тәрізді, себебі қаржы министрі Антон Силуанов "Ведомости" іскерлік басылымына берген сұхбатында ол ақшаны "шашу" дұрыс емес деген пікір айтқан.

Путин құрылыс саласын алаңсыз дамыта беруге болады деп мәлімдеді. Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары осындай ұсыныс айтқан еді.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған Мұхтар Екей.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG