Accessibility links

Сот "ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған блогер Азамат Байкеновтің бас бостандығын шектеді


Блогер Азамат Байкенов. Facebook парақшасынан алынған сурет.
Блогер Азамат Байкенов. Facebook парақшасынан алынған сурет.

Петропавл қалалық соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған блогер Азамат Байкеновтің бас бостандығын бір жылға шектеді. Бұған қоса, блогерді 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 27 мың теңге немесе 65 доллар) өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұл туралы 15 мамырда түнде петропавлдық құқық қорғаушы Сергей Измайлов Facebook парақшасында жазды.

"Құқық қорғаушылар мен белсенділердің қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі коалиция қатысушысы ретінде 15 мамырда Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-бөлігі бойынша айыпталған Азамат Байкеновтің сотында болдым. Сот үкімі сағат 18.05-те оқылды. Сот бір жылға бас бостандығынан айырды, бұған қосымша қылмыс құрбандарына өтемақы беру қорына 10 АЕК көлемінде төлеуді міндеттеді" деп жазды.

Азаттық тілшісі Петропавл қалалық сотынан жауап ала алмады. Sud.kz сайтындағы мәлімет бойынша, істі судья Михаил Гусев қараған. 16 сәуірден бастап сотта қарала бастаған. Онлайн-ресурста іс бойынша сот құжаттары болғанмен "Бұл іс жариялауға тыйым салынған" деп жазылған.

Азамат Байкенов - саяси тақырыптарда видео түсіріп, билікті сынап, пікірін ашық айтып жүрген петропавлдық блогер. Оның Youtube-тегі арнасының 70,6 мыңнан астам жазылушысы бар.

Өткен жылдың соңында Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті оның үстінен "әлеуметтiк алауыздық қоздыру" (174-бабының 1-тармағы) бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, үйін тінтіген еді.

Блогердің айтуынша, кейінірек полиция істі Қылмыстық кодекстің 405-бабына ("Тыйым салынған ұйымның ісіне қатысу") ауыстырған. Наурыз айында Алматыда өткен баспасөз мәслихаты кезінде Азамат Байкеновтің елде сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деп айыпталып отырғаны айтылған еді.

(ҚДТ немесе "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысы - Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Еуропарламент резолюциясында бейбіт оппозициялық ұйым деп көрсетілген).

Қазақстан соты 2018 жылы наурызда қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салғалы бері ондаған адам ҚДТ-ға қатысы бар деген күдікке ілінген, кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылған. Әблязов ҚДТ-ны "экстремистік" деп таныған сот шешімімен келіспейді және оның "саяси астары бар" деп санайды.

Оқи отырыңыз: "ҚДТ-ны қолдады" деп айыпталғандардың соты қалай аяқталды?

Human Right Watch (HRW) халықаралық ұйымының соңғы есебінде президент ауысқан Қазақстанда 2019 жылы адам құқығы бойынша айтарлықтай өзгеріс болмады, оппозиция, оның ішінде ҚДТ қозғалысының жақтастары мен мүшелерін қудалау күшейді деп жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG