Accessibility links

БАҚ: Коронавирустан қайтыс болғандар зиратында жерленген мәйіттер саны ресми деректен үш есе көп


Коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеп жатқан мамандар.
Коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеп жатқан мамандар.

Алматыда коронавирустан қайтыс болғандар зиратында жерленген мәйіттер саны ресми деректен үш есе көп. 21 мамырда жарияланған "31 арнаның" зерттеуінде осындай мәлімет айтылады.

Телеарнаның хабарлауынша, Алматы облысы Іле ауданы Қараой ауылында коронавирустан қайтыс болғандар зиратында 30 мәйіт жерленген. Телеарна бұған дәлел ретінде дроннан түсірілген видеоны көрсетеді. Видеода жолдың екі жағына жерленген қабірлер көрінеді. (Бірінде - мұсылманшылық ғұрыппен, екіншісінде христиандық ғұрыппен жерленген). Ал ресми дерек бойынша, Алматы қаласында 10 адам коронавирустан қайтыс болған. Алматы облысында коронавирусқа байланысты адам өлімі тіркелмеген.

Коронавирустан қайтыс болған адамдар жерленген зират. "31 арна" бағдарламасынан алынған скриншот.
Коронавирустан қайтыс болған адамдар жерленген зират. "31 арна" бағдарламасынан алынған скриншот.

Алматы қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті телеарнаға жіберген ресми жауапта бұл зиратқа Алматы қаласынан 6 адам жерленгенін айтқан.

Департамент өкілдері "коронавирус анықталған науқастардың барлығына COVID-19 диагнозы қойылады, бірақ олардың арасында коронавирустан емес, созылмалы аурулардан қайтыс болған сырқаттар да болады. Өлім-жітімнің себебін талдау комиссияның қорытындысы бойынша, өлімнің негізгі себептері мен диагнозы анықталады. Сол себепті қайтыс болғандардың ресми саны мен жерленгендердің саны сәйкес келмеуі мүмкін" деп айтқан.

Осы зиратта жерленген 21 жастағы әйелдің туыстарының айтуынша, коронавирус жұққаны туралы ақпаратты әйел қайтыс болғаннан кейін жақындарына бір-ақ хабарлаған. Ауруханада әйелді күткен жақындары да оқшауланбаған. Қайтыс болғаннан кейінгі тұжырым құжатында әйелге коронавирустан да басқа бірнеше диагноз қойылған. Туыстары ресми тұжырымға сенбей отыр.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін аймақтарда коронавирус жұққан адамдардың өлімін зерттеу бойынша арнайы комиссия құрылып, науқастардың өлімінің себебін анықтайды деп хабарлаған. Егер комиссия науқас коронавирустан емес, басқа ауру түрінен қайтыс болды деп қорытынды шығарса, онда науқас өлімі коронавирусқа байланысты ресми статистикаға енгізілмейді.

Дегенмен ресми орындар әзірге ресми статистикаға енгізілмеген қанша оқиға барын айтпады. 20 мамыр күнгі онлайн-брифинг кезінде Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова "карантин шаралары аяқталғаннан кейін барлық дерек қорын зерттейміз, сол кезде барлық көрсеткіштен жарияланады" деп айтқан болатын.

Әлемде әр мемлекет коронавирустан қайтыс болғандарды әрқалай санайды. Сәуір айының ортасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустан қайтыс болғандарды қалай есептеу қажеттігі туралы нұсқаулық шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG