Accessibility links

Журналист Батырбековті сотқа берген Әбдиевтің "пара берді" деп күдікке ілінгені хабарланды


Журналист Амангелді Батырбеков сотта жауап беріп тұр. Сарыағаш, Түркістан облысы. 28 қаңтар 2020 жыл.
Журналист Амангелді Батырбеков сотта жауап беріп тұр. Сарыағаш, Түркістан облысы. 28 қаңтар 2020 жыл.

Журналист Амангелді Батырбековке «қылмыстық істі қысқартуға келісім беру үшін 5 миллион теңге пара бермек болды» деген күдікке ілінген Түркістан облысы Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиевтің ісі бойынша тергеу басталды. Бұл ақпаратты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Сайрам аймағы бойынша басқарма басшысы Шәкір Тәліпов растады. Дегенмен Тәліпов прокуратураның келісімінсіз Батырбековтің арызы бойынша қандай баппен іс қозғалғанын айта алмайтынын жеткізді.

2019 жылдың қыркүйек айында Сарыағаш аудандық соты «Сарыағаш-Инфо» газетінің редакторы Амангелді Батырбековті Бақтияр Әбдиевтің жеке айыптау шағымымен 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Сот журналисті Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» және «Қорлау» бабымен кінәлі деп тапқан. 2020 жылдың қаңтар айында облыстық сот аудандық соттың үкімін жойып, журналисті толық ақтаған. Содан кейін Батырбеков Сарыағаш аудандық полиция басқармасына «жалған ақпарат бергені» үшін Әбдиевтің үстінен шағым түсірген. Полиция Әбдиевтің үстінен Қылмыстық кодекстің «Сарапшының, маманның көрінеу жалған айғақтары, қорытындылары немесе қате аударма» бабы (420-бап) бойынша қылмыстық іс ашқан. Әбдиев осы істі қысқарту үшін шағым иесіне "5 млн теңге пара бермек болды" деген күдікке ілініп отыр.

- Әбдиев «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық бірлестігінің мүшесі арқылы қылмыстық іс бойынша арызымнан бас тартуға шақырды. Әуелі 3 миллион теңге, кейіннен 7 миллион теңге беремін деп сәлемдеме айтты. Бұл туралы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз түсірдім, - дейді журналист.

Журналистің сөзінше, 24 мамыр күні кездесу кезінде Әбдиев 5 миллион теңге беретінін ишарамен білдірген. 25 мамыр күні бір адам арқылы 5 миллион теңге беріп жіберген. Мұның бәрі сот санкциясы негізінде арнайы камерамен видеоға түсірілген. Кейінірек бұл оқиғаға байланысты іс ашылған.

Бақтияр Әбдиев Амангелді Батырбековтың «5 миллион теңге пара берді» деген сөзін «жала» дейді. Оның айтуынша, Батырбековтің шағымы бойынша өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі Сарыағаш аудандық полиция басқармасы «қылмыстық құрамның болмауына байланысты» 18 мамыр күні қысқартып қойған.

- "5 миллион теңге пара берді" дегені бекер. Ақсақалдар айтқан соң бас араздықты тоқтатайық деп кездесуге барғаным рас, - дейді ол.

Сарыағаш аудандық полициясы әзірге жауап бермеді.

Өз арызы бойынша Әбдиевтің үстінен қозғалған қылмыстық істің қысқарғанынан Батырбековтің де хабары бар. Ол прокуратураға істің қысқартылуымен келіспейтінін жеткізген. Оның сөзіне қарағанда "полиция істі 18 мамырда қысқартқанмен прокуратурадағы тексеріс әлі бітпеген, сол себепті күдікті журналистің істі әрі қарай жалғастыруға күш салмауын" қалаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG