Accessibility links

БҚО-да карантин ережелері жұмсарады: 1 маусымда сауда орталықтары ашылады


Оралдағы орталық көшелердің бірі. 18 сәуір 2020 жыл.
Оралдағы орталық көшелердің бірі. 18 сәуір 2020 жыл.

Батыс Қазақстан облысының билігі карантин ережелерін жұмсартатынын хабарлады. 1 маусымнан бастап аймақта бар, мейрамхана, дәмхана, асхана және ірі сауда орталықтары, базар, монша, сауналар жұмыс істей бастайды.

Облыстық бас санитар дәрігер Мұхамғали Арысбаевтың 30 мамыр күнгі қаулысына сәйкес, 1 маусымнан бастап блокпосттар алынып, Атырау және Ақтөбе облыстарына жол ашылады. Тек коронавирус ахуалына байланысты Сырым, Тасқала аудандары және Жәнібек ауданындағы екі ауылда карантин ережелері күшінде қалады.

Облыстық бас санитар дәрігердің орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, мекемелер барлық санитарлық нормаларды сақтауы тиіс. Дәмхана және мейрамханалар залға тек 30 адамға дейін кіргізе алады, үстелдердің арасы кемінде екі метр болуы тиіс. Сауда орталықтары мен базарларда маска тағу міндет, санитайзерлер болуы қажет. Сатушылар қолғап және маска тағып, оларды тұрақты түрде ауыстырып отыруы керек.

Өткен аптада БҚО билігі аймақта карантин ережелері кемінде 15 маусымға дейін сақталады, себебі індеттің беті қайтпай отыр деп мәлімдеген. Осы аптада БҚО-да бір күн ішінде бұрын-соңды болмаған науқастар саны тіркелді. Бірақ соған қарамастан билік карантин шараларын жұмсарту туралы шешім қабылдаған.

"Денсаулық сақтау министрі коронавирус жұқтырғандарды емдеудің жаңа тәсілін жариялады. Оған сәйкес, ауру белгілері байқалмаған науқастар үйде емделеді. Ауруханаға біз тек тынысы тарылған және дене қызуы көтерілген адамдарды ғана жатқызамыз. Бұл облыстық бас санитар дәрігердің жаңа қаулы шығаруына түрткі болды, себебі қазір облыста науқастардың 70 пайыздан астамында ауру белгілері байқалмайды" деді Нұрлыбек Мұстаев.

Дүйсенбі күні ашылатын сауда орындары арасында "Московский" базары да бар, 26 мамырда базар сатушылары шығынға батқанын хабарлап, жұмыс істеуге рұқсат етуді талап еткен болатын.

Қазіргі кезде облыста 621 адамнан коронавирус табылған. Өткен тәулікте 41 жаңа науқас анықталды. Соңғы бір апта ішінде науқастар өсімі 6 пайызға жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG