"Концлагерь сияқты". Сырқат балалар тұратын жабық интернаттардың ахуалы

1 Маусым 2020
Аян ҚАЛМҰРАТ

Қазақстандағы жабық мекемелерде түрлі психоневрологиялық диагноз қойылған екі мыңнан аса бала тұрады. Оның жартысының әке-шешесі бар, қалғаны — ата-анасы бас тартқан, тастанды және жетім балалар. Құқық қорғаушы, Даун синдромымен туған бала өсіріп отырған Айгүл Шәкібаева былтыр мүгедектігі бар адамдарға арналған 20 арнаулы мекемені аралап қайтты. Оның алтауы — балаларға арналған орталық. Айгүл Шәкібаева Азаттыққа жабық интернаттар ішінде не көргенін баяндап берді.

Қазақстанда дүниеге психикалық ақауы бар сәби келгенде жаңа босанған анаға келіп ешкім "балаңнан бас тартпа, қоя тұр, біз саған көмектесеміз" демейді. Бағып-қағып, күтім жасау салмағының бәрі ата-ана мойнына артылады. Мемлекет бойын тасалап алады.

Әке-шешесі перзентханада сәбиінен бас тартса, бала бөбектер үйіне жіберіледі. Төрт жасқа дейін сонда болады. Дені сау балаларды адамдар бірінші айда-ақ асырап алады. Сырқат балаларды әкетпейді. Олар арнаулы бөбектер үйіне жіберіледі. Төртке толғанша сонда тұрады.

Алғашқыда әке-шешесі баласына келіп тұрады. Ай сайын келеді. Бала өскен сайын кездесу сирей береді. Ата-анасы сырқаттанып қалады, өмір өтеді, ал туыстары іздемейді.

"ІШ КИІМДІ АУЫСТЫРЫП КИЕ БЕРЕДІ"

Облыстардағы кез келген мекемеге барыңызшы, барлық бала үйіне қайтысы келеді. Ешкімнің интернатта тұрғысы келмейді.

Кейбір мекемеде кереует пен киім-кешекке балалардың атын жазбай, нөмір тігіп қояды. Концлагерь сияқты. Баланың киіміне нөмір жазылған. Жуылған киімді баланың атымен емес, сол нөмір арқылы табады. Балалар тәрбиеші үшін адам емес, жай нөмір болғаны ғой. Бұдан асқан қандай сорақылық болуы мүмкін?

Көп жағдайда жеке заттарға белгі де қойылмайды. Бір бөлімнің киім-кешегі, тіпті іш киім де бірге жуылады. Іш киімді ауыстырып кие береді. Жеке бас құқығын сақтамайды.

Жабық интернаттар ішіндегі жағдай қорқынышты. Онда балалардың халін көріп, жүрегің ауырады. Бәріне психотроптық дәрі салып тастаған. Балалардың тілі сыртына шығып кеткен, көзі бір орнында тұрмайды. Кәдімгі балалар үйіне барсаң, балалар не жақсы, не жаман — бәрін айтып береді. Ал мұндай мекемелерде бір қиыны — баланың бәрі бірдей сөйлей бермейді.

Сөйлей алмайтын бала эмоциясы мен қалауын айқаймен жеткізуі мүмкін. Мұны көбіне агрессия деп қабылдайды да, дамуды тежейтін ауыр дәрілер салып жібереді. Дефектолог пен логопедке барлық баланың жартысы ғана барады. Ерекше балалардың ата-аналары жиналатын қоғамдық ұйымға барғанда тап сондай диагноз қойылған, бірақ дамыған, ешқандай дәрі ішпей-ақ өскен мүлдем басқа балаларды көремін.

Интернаттағы балаларды ұрса, мұның дұрыс емесін түсінбеуі де мүмкін. Құлағы естімейтін, өзі жүріп-тұрып, киініп, әжетханаға барып, жуына алмайтын балаға тәрбиешілер мен күтушілері қалай болса солай қарап, күш қолдануы әбден мүмкін. Ата-анасының мен туыстары қашықта болған соң мұндай қауіп тіптен зор.

ТЕМІР ТОРЛЫ ТЕРЕЗЕДЕН “ТАМАШАЛАУ”

Мұндай орталықтар бұрыннан жабық. Совет кезінен бері солай. Онда жай адам кіре алмайды. Орталық директоры балалардың қамқоршысы саналады, яғни заңды өкілі. Сондықтан бәрін директор шешеді. Мұндай орталыққа баланы орналастырған кезде әке-шешесі бар құқығынан айырылады да, баланың заңды өкілі болып директор атанады. Кішкентайын я өсіп қалған баласын сонда жайғастырған ата-ана интернат ішіне кіріп, перзенті қай жерде қалай тұрып жатқанын көре де алмайды.

Мұндай орталықтарды еш жерде түрме деп жазбайды. Бірақ баласымен кездесуге ата-анаға бар-жоғы екі сағат береді. Түрмеде отырған адамдардай. Оның өзінде дәрігер рұқсат етсе ғана кездеседі. Рұқсат бермесе, баласымен сол күйі жүздесе алмай үйіне қайтады.

Әдетте бір облыста бір интернат болады, оның үстіне мекеменің бәрі дерлік қаладан алыс жерде. Мысалы, Маңғыстаудағы орталық Бейнеуде орналасқан. Ақтаудан сол мекемеге жету үшін бір күн жүру керек. Ақмола облысы баратын орталық Купчановка ауылында. Жердің түбі. Тіпті ауылды таба алмай қалуың мүмкін. Орталық әкімшілігі келген адам қонып кететіндей бөлме әзірлеп қойған. Өскеменнің интернаты Риддерде, бірақ олар түнеуге рұқсат етпейді. Аягөздегі орталыққа сол күйі жете алмадық. Себебі интернат Өскеменнен қашық жерде орналасқан. Жол шұрық-тесік болғандықтан алып баруға бір де бір такси келіспейді. Пойызбен бару керек. 12 сағаттық жол. Аягөзге жеткен бойда пойыз бес сағаттан соң қалаға қайтады. Тағы 12 сағат жол жүресің.

Мұндай мекемелерге тексеруге барғанда әдемі жерлерін көрсетуі мүмкін. Бір орталықта музыка терапиясына арналған бөлмеге кіргізді. "Уа, қандай тамаша кабинет, шар іліп қойыпты, түрлі-түсті шам жанып тұр, музыка ойнап тұр, қандай керемет" дестік. Сұрастырып көрсек, онда сауықтыру орталығының балалары ғана кіреді екен. Сонда тұратын балалар онда кірмейді.

Ғимарат ішіне аралап, интернаттағылар “агрессивті топ” атайтын балалардың қалай өмір сүріп жатқанын көру керек. Әдетте олар асханаға барғаннан басқа ешқайда шықпайды. Барлық мекемеде “агрессивті, оқытуға келмейді” деп саналатын балалар тобы болады. Алып ғимарат, кең бөлме, барлық жағдай жасалған, бірақ әлгі балалар оны көрмейді.

Бала төсек тартып жатса, күні бойы орнынан тұрмауы мүмкін. "Алып шығу қиын" дейді. Бір мекемеде "бұл сүйегі сынғыш балалар, тиісуге болмайды, дәрігер тыйым салды" деп сыртқа шығармайды. Ал басқасында "жоқ, олар да шығуы керек, алып шығамыз" дейді. Балалардың кереуетіне доңғалақ орнатып қойып, сыртқа солай шығарады екен. Бәрі мекеме әкімшілігінің қалауына байланысты.

Кейбір мекемелерде өзін ұрып, денесін тырнайтын балаларды байлап тастайды. Кодекс бойынша, ондай балаларды байлауға болады. Бірақ медициналық арнайы жұмсақ резеңкемен жарты сағатқа ғана фиксациялауға рұқсат етілген. Ол бойынша арнаулы журнал толтырылады. Біз Талғардағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін "Аяла" орталығына бардық. "Аялада" өзін тырнайтын балаларға қолғап тігіп берген. Соны киіп, тыныш қана отыр. Мұны неге айтып отырмын? Қаласаң кез келген мәселенің шешімін табуға болады. Біздегі сырқат балаларға қатынас жеке адамның қалауына ғана байланысты.

Талғардағы интернатта мынадай көріністің де куәсі болдық. Екі қабатты ғимарат. Алдында балалар ойнайтын алаң бар. Біз барғанда балалар далада жүр екен. Жүре алатын балалар әткеншек теуіп, серуендеп жүрді. Сосын екінші қабатқа көтерілдік. Онда паллиатив топ пен кішкентайлар тобы болды. 5-6 жасқа дейін жүре алатын, жүре алмайтын балалар сонда отырады. Оларды серуендеуге екінші қабаттың балконына алып шығады екен. Балконға шыққанда басқа балалар жүрген ойын алаңы көрінеді. Балконға тор орнатып қойған. Жүре алмайтын бір баланың ойын алаңындағы кішкентай қыздың әткеншек теуіп жатқанына қарап отырғанын көрдік. Балконға шыққан сайын баланың көретіні — сол. Олар ойнап жүр, ал бұл қарап отыр. Көзі жәутеңдеп, темір тор арқылы басқа балалардың ойнағанына қарап отырған баланы елестетіп көріңізші?! Сонда жиырма жылдан бері істейтін қызметкер біз соны көрсетпейінше мұны байқамаған. Бұл да қатыгездік. "Ұрмасам болды ғой, қатыгез емеспін" деуге болмайды.

Ойын бөлмесінде теледидар ілініп тұрады. Бір-екі құрастырғыш жатуы мүмкін. Болды. "Ой, бір жерлерін жаралап алады, сырып алады" дейді. Ешкімнің жауап бергісі келмейді. Осылай бала күні бойы кілемнің үстінде құрдан-құр отыруы мүмкін.

Бір интернатқа балалар серуенге шығатын уақытта бардық. Келсек, жүре алмайтын екі бала диванда отыр екен. Қасында күтуші мен тәрбиешісі тәтті жеп, шай ішіп отыр. Балаларды серуендеу үшін далаға алып шықпаған. Оның үстіне баланың қасында кәмпит жеп отыру үшін адам қандай тасжүрек болуы керек?..

"АЩЫ УКОЛ САЛАДЫ"

Қазақстанда балаларға арналған мұндай интернаттарға аз ақша бөлінбейді. Оларға сатып алуға болатын дәрі-дәрмек көлеміне шек қойылмайды. Бюджетті қалай жұмсау керегін әкімшіліктің өзі шешеді. Шығынды салыстырып қарағанымызда қаржының басым бөлігі балаларды дамытатын дидактикалық құрал-жабдыққа емес, дәрі-дәрмекке жұмсалатынына көзіміз жетті.

Аминазин аталатын психотроптық препараттың қаншалықты жиі қолданылғанын есептеп көрдік. Ол — қатты әсер ететін, ауыртқанда шыдатпайтын укол. Әлем бұл дәріні қолдануды азайтып жатыр. Себебі салдары ауыр. Қырғызстан құқық қорғаушыларының есебінше, аминазинді балалар үйінде жазалау құралы ретінде пайдаланады. Кейбір бала "мекемеден қашып кетсек, ащы укол салады" деп сипаттаған. Қаншалықты ауыртатын айтып берген.

Алты интернаттың дерегін салыстырып қарағанымда, әрқайсысы салынған препараттар дозасы әртүрлі болып шықты. Бір мекемеде аминазиннің төрт текшесі пайдаланылғанын көрдім. Ересектерге күніне — максимум екі текше.

Бала ештеңе айта алмағаннан агрессивті болуы мүмкін. Оны түсінбейді, түсінгісі келмейді, мүмкін бірдеңе айтқысы келіп жатқан болар, тісі ауырған шығар, бәлкім? Ал интернаттағылар "мына баланың мазасы кетті" деп, басқа дәрі салып тастайды.

Психотроптық дәрілер агрессияны басып қана қоймайды, ақыл-ойдың дамуын тежейді. Жұмысының нәтижесі туралы жазған әлеуметтік қызметкерлер "бала орнынан тұрып, киініп, өзі тамақ ішті" деп жазады. Психотроптық дәрі салғанда сол үйреткенінің бәрі зая кетеді. Басынан бастап қайта үйрету керек.

Қазір әлемде әлеуметтік орталықтарға дәрі-дәрмек бермейді. Науқастар емханаға барып, сонда емделеді. Бізде бала қайда тұрса — сонда емдейді. Біріккен Ұлттар Ұйымының ережесі бойынша, бұлай болмауы керек. Екеуі екі бөлек жұмыс істеуі керек. Бір мекеме әлеуметтік қызмет көрсетсе, екіншісі емдесе, заңға қайшы тірлік те, тәртіпсіздік те аз болар еді.

Мекеме басшылығының кәсібилігіне қатысты талап жоқ. Интернаттарға әдетте директор болып дәрігерлер тағайындалады. Көбіне психиатр дәрігерлер келеді. Олар әлеуметтік қызметкер сияқты "балаларды дамыту керек", "сабақ өту керек" демейді. Емдей беруге үйреніп қалған.

Қазақстанда мұндай интернаттарға "медициналық-әлеуметтік мекеме" деген мәртебе берілген. Бірақ олар не медициналық, не әлеуметтік орталық екені түсініксіз. Онда дәрігер де, әлеуметтік қызметкерлер де жұмыс істейді. Қызметкерлер арасында дәрігерлер, психиатр-дәрігерлер болғандықтан, олардың балаларды емдеу әдісі ашық емес. Олар денсаулық сақтау министрлігі базасындағы озық тәжірибе мен тренингілерден қағылған. Интернаттағы дәрігерлердің емдеуге лицензиясы бар. Бірақ олардың қалай емдеп жатқанын, не дәрі жазып беріп жүргенін ешкім тексермейді. Денсаулық сақтау министрлігі де бақыламайды. Себебі олар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жазуынша, олар да мұндай интернаттарға жауап бермейді. Орталықтар қала әкімдігіндегі әлеуметтік қорғау басқармасына қарайды. Бұл — қаржы бөлу, оның жұмсалуын бақылау әкімдік құзырында деген сөз. Ақшаның қалай жаратылатыны да анық емес.

Қазақстанның мүгедектікке медицина көзімен қарауы адамдарды оңалту мен өмірге бейімдеуге жағдай жасаудан гөрі емдеуге бейіл етіп қойған. Бұл кейде сырқаттың халін одан әрі нашарлатып жіберуге әкеледі. Кейбір орталық басшыларына осылай басқарған ыңғайлы. Олардан "ем қалай болып жатыр?" деп ешкім сұрамайды. "Олар ауру, ауыр халдегі балалар ғой" дейтін жақсы сылтау бар. Қоғам мен билік өкілдеріне осылай десеңіз жетіп жатыр.

Ең қорқыныштысы не екенін білесіз бе? Ата-анасы баласын өмір бойы өзі бағып-қағып, интернатқа бермесе де, қамқоршысы дүниеден озған соң олар осындай жабық мекемеге түсіп қалуы мүмкін. Әке-шешесі қайтыс болған соң баланың туысы жоқ болса, жабық мекемеге жібереді.

Балам мен өмірден өткен соң осындай қатыгездікке ұшырауы мүмкін екенін ойласам жүрегім ауырады…