Ақтөбе хром қосындылары зауытында жарақат алған 32 жастағы жұмысшы 3 маусымға қараған түні қайтыс болды. Осылайша 28 мамыр күнгі зауыттағы жазатайым оқиғадан қаза болғандар саны бесеуге жетті. Тағы бір жұмысшы ауруханада жатыр.
- Бір аптаға жуық Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының реанимация бөлімінде болған жұмысшы ауыр жарақаттан айыға алмады. Оның денесінің 60 пайызы күйген, - деп хабарлайды Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Өндірісте жарақат алып, ауруханаға түскен тағы бір жұмысшы 3 маусым күні реанимациядан травматология бөліміне ауысқан. Науқас 36 жаста. Дәрігерлер оның жағдайы жақсара бастағанын айтады.
28 мамыр күні Ақтөбе хром қосындылары зауытында төрт жұмысшы қаза тауып, екеуі ауруханаға түскен болатын. Өткен түні ауруханаға түскен екі жұмысшының бірі қайтыс болды. Марқұмның артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды.
Оқыс оқиға 28 мамыр күні түс ауа хром қосындылары зауытының №4 цехында болған.
Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Бауыржан Оразаевтың Азаттыққа айтуынша, өндірісте қолданылатын бактың ішіндегі химиялық қалдықты тазалап жатқан бір жұмысшы күйіп қалған. Оны құтқармақ болып, бес жұмысшы бакқа түскен. Химиялық ерітінді қалдығы жұмысшыларды күйдіріп жіберген. Аман қалған екеуінің тыныс алу жолдары бүлініп, аяқ-қолы күйген. Олардың барлығы да термиялық күйік алған.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жұмысшылар өлімінен соң Ақтөбе хром қосындылары зауытының үш қызметкері қамалған. "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзды" деп күдікке ілінген үш адамның үстінен ҚР ҚК 156 бабының 4-бөлімімен қылмыстық іс қозғалған. Күдікке ілінгендердің біреуі - №4 цех басшысы. Қалған екеуі - цех шеберлері оқиға болған күні цехта күндізгі ауысымда болған.
Хром қосындыларын – натрий монохроматы, натрий бихроматы, хром ангидриді, хром тотығы, хром малмасы және күкіртті натрий – өндіретін зауыт Ақтөбе қаласы аумағында орналасқан. Ақтөбе хром қосындылары зауыты - өнімі әлемнің отыздан астам еліне шығарылатын үлкен кәсіпорын.
ПІКІРЛЕР