Accessibility links

Құқық қорғаушы Семенова түрме әкімшіліктері өзін тағы сотқа бергенін хабарлады


Құқық қорғаушы Елена Семенова.
Құқық қорғаушы Елена Семенова.

Қостанай соты УК-161/2 мекемесінің Елена Семенованың үстінен түсірген "іскерлік беделді қорғау" туралы өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы құқық қорғаушының өзі хабарлады. Семенова ҚазТАГ агенттігіне осы апта ортасында өзіне қарсы тағы екі шағым қаралатынын айтқан.

"УК-161/2 мекемесінің бастығы іскерлік беделді қорғау туралы шағым түсірген. 26 қазанда, 21 қаңтарда және 6 қаңтарда Facebook-та тұтқындардың жағдайы туралы жазбалар жариялағанмын. Олар сол жазбаларды жоққа шығаруды талап етті...Екінші шағымды осы мекеменің медицина қызметкері түсірді. Ол да жазбаны жоққа шығаруды сұрап отыр. Үшінші шағымды Заречный елді мекеніндегі қоныстандыру түсірген. Олардыкы да - "іскерлік беделді қорғау" туралы шағым. Олар да тұтқындар туралы жазбаларға байланысты арызданған" деді Семенова.

Құқық қорғаушы бұл шағымдарды өзінің құқық қорғау қызметімен байланыстыратынын айтып, апелляцияға беретінін жеткізді.

Кейбір құқық қорғаушылар тұтқындардың құқықтарын қорғаумен танылған Семеноваға қарсы арыз-шағымдар "тапсырыспен" жазылуы мүмкін деп болжайды.

Азаттық осыған байланысты қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне хабарласқан. Баспасөз қызметінің өкілі қазір бұл мәселеге түсініктеме бере алмайтынын және жазбаша сауал жолдау керектігін айтты.

Бұған дейін әлеуметтік желіде УК-161/2 колониясындағы тұтқындармен ықтимал дөрекі қарым-қатынас және қауіпсіздік органдарының ықтимал әрекетсіздігі туралы жазбалар жарияланғаннан кейін түрме әкімшілігі және осы мекеме қызметкері Семенованы сотқа берген. Колонияның емдеу-профилактикалық жұмысы бойынша бастығының орынбасары да шағым түсірген.

Елена Семенова - тұтқындардың құқықтарын қорғаумен айналысатын құқық қорғаушы. Осыған дейін билік оның үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғаған. Семенова істі өзінің құқық қорғау әрекетімен байланыстырған.

2018 жылы шілде айында ол Страсбургте Еуропарламент мүшелерімен кездесу кезінде Қазақстан түрмелеріндегі тұтқындардың күрделі жағдайы туралы айтқан. Кейінірек белгісіз біреулер құқық қорғаушының үйіне жанғыш заты бар бөтелке лақтырған. 2018 жылы қазан айында Еуропа кеңесінің парламент ассамблеясы депутаттарымен кездеспек болған Семенованы әуежайда ұшаққа жібермей қойды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG