6 маусымда Алматы қаласында Абай ескерткіші маңында "Демпартия" құрғысы келетін бастама топ өкілдерінің "митингісі" өтіп жатқан шақта қаланың тағы бір бөлігінде полиция тіркелмеген "Көше" партиясының жақтастарын ұстады.
Абай-Назарбаев көшелері қиылысынан тікелей эфир жасаған белсенді Әнуар Әшіралиев таратқан видеодан ол жерге ондаған адамның жиналғанын көруге болады. Олар "Алға!" деп айқайлап, Абай көшесі бойымен шеру жасап жүрмек болды. Бірақ оларға полиция кедергі келтірді. Алматы қалалық прокуратурасынан келген қызметкер адамдарды таратуға тырысты. Бұдан соң полиция азаматтарды ұстай бастады. Полиция қызметкерлері Әшіралиевті де автозакқа отырғызды.
Ұсталғандар арасында 80 жастағы қария да бар. Ол тікелей эфир кезінде өзінің жақында ғана операциядан шыққанын, күштік құрылым өкілдерінің қол-аяғын бүгіп, күшпен ұстап, автозакқа тастай салғанын айтты.
Полиция бұған қоса тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысының онға жуық белсендісін Ганди паркінен де алып кетті. Олардың арасында Асхат Жексебай, Абайбек Сұлтанов, Ермек Қазиев және Дәметкен Әділбайқызы бар. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне белсенді Қанат Жақыпов хабарлады. Жиналғандарға полиция мен Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев келіп "жаппай жиын өткізу заңсыз" екенін айтқан. Жиналғандар өздерінің бейбіт жиналып тұрғанын, билікке өз нарзылықтарын жеткізуге құқығы барын айтқан.
Бүгін Алматымен қатар Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында полиция "митинг орнында" белсенділерді ұстаған. Нақты қанша адамның ұсталғаны әзірге белгісіз. Полиция түсініктеме бермеді.
Оқи отырыңыз: Билік оппозиция митингісіне шыққандарды алаңға өткізбей, белсенділерді ұстап әкетті
Бұған дейін тіркелмеген "Демократиялық партия" және шетелде тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер, билікті сынаушы Мұхтар Әблязов жақтастарын 6 маусымда митингіге шығуға шақырған.
Митингілер қарсаңында "Демпартия" бастама тобының жетекшісі Жанболат Мамай мен Мұхтар Әблязов онлайн түрінде бір-бірін сынап, айыптаған. Әблязов Мамайды "биліктің жобасы" деп айыптап, жақтастарын оған сенбеуге шақырды. Ал Әблязовтың сөзін жоққа шығарып жүрген Мамай оны 6 маусым күнгі митингіге "келме, біресе кел" деп адамдарды адастырып жүр деп кінәлады.
Мамай құрғысы келетін "Демпартия" да, Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы да Қазақстанда ресми түрде тіркелмеген. Биыл "Демпартия" өкілдері "билік белсенділерімізді жаппай қудалады" деп ұйымды тіркеуден бас тартқан. "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын бас прокуратура 2018 жылы "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бірақ ҚДТ өкілдері бұл шешімнің саяси астары бар деп санайды. Қазақстан билігі "экстремистік" деп тапқан ҚДТ-ны Еуропарламент "бейбіт сипаттағы оппозициялық ұйым" деп атаған.
19 мамырда астаналық сот тіркелмеген "Көше партиясын" елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Бұған дейін белсенділер "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" ретінде тану туралы сот шешіміне наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсірген.
ПІКІРЛЕР