Accessibility links

Оралда орталық алаң маңында полиция ондаған адамды ұстады


Полиция наразылыққа келгендердің бірін ұстап жатыр. Орал, 6 маусым 2020 жыл.
Полиция наразылыққа келгендердің бірін ұстап жатыр. Орал, 6 маусым 2020 жыл.

6 маусымда Оралда орталық алаң маңында полиция отыздай адамды ұстады. Таңнан бері полиция алаң маңын қоршап, кезекшілікте тұрды. Билік мұны "санитарлық шара" деп түсіндірді.

Орал уақытымен 11.00-ге таман алаңға келген жұрт биліктен талаптарын тыңдауды талап етті. Алаңға келгендер үкіметтен несиелерді толық кешіруді және саяси тұтқындарды босатуды талап қылды.

- Жиналғандарға әкімдіктің ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы мен полиция өкілі келді. Олар жұртты карантин кезінде жиналмауға шақырып, тарауды сұрады. Карантин біткен соң, 15 маусымнан кейін шығуды сұрады. Жұрт өздерін қазір тыңдауды талап етті. Бір уақытта полиция жиналғандарды ұстап, автобустарға сала бастады, - дейді жергілікті "Уральская неделя" басылымының журналисі Рауль Упоров.

"Уральская неделя" басылымының бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров полиция өзін бөлімшеге апаруға тырысқанын хабарлады.

- Таңертең үйден шыққанда полицияға шақырту қағазын беруге тырысты. Бірақ қағазда "6 мамыр" деп көрсетіліпті. Мен кешігіп қалғандарын айттым. Олар қатені түзеуге кеткен, сол сәтте мен де кетіп қалдым, - дейді Ахмедьяров.

Оралдық бірнеше белсенді таңнан бері үйлерін полиция күзетіп тұрғанын айтты.

- Ешқайда шықпадым. Шықсам бірден ұстайды-ау деп ойладым. Себебі үйдің маңында "Нива" көлігі тұрды. Бекболат Өтепов, Мақсат Айсауытов, Бауыржан Әліпқалиевті де осылай аңдып тұрғанын білемін, - деді блогер Асқар Шайқұмаров.

Оралда қанша адам ұсталғанын, полиция оларды не үшін әкеткенін білу мүмкін болмады. Полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпаратты кейін беретінін айтты.

Қалалық белсенділер осыған дейін билікке 6 маусымда митинг өткізу туралы өтініш берген. Бірақ билік "вирус тарайды" деп рұқсат бермеген.

  • 6 маусымда Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Семейде, Қызылордада, Ақтөбеде билікке қарсы наразылыққа келген жүзден астам адам ұсталды.
  • Бір-бірін сынап жүрген тіркелмеген екі оппозициялық топ - шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Аблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) мен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай жұртты 6 маусымда билікке қарсы митингіге шақырған еді.
  • Полиция мен арнайы жасақ митинг өтеді деп белгіленген жерге келгендерді ұстап, наразылық шарасына кедергі келтірді. Митингіге келгендер несиеге жаппай амнистия жасауды, саяси тұтқындарды босатуды, жерді шетелдіктерге сатпауды әрі жалға бермеуді талап етті.
  • Наразылық шарасы елде "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң күшіне енген күнмен тұспа-тұс келді. Бұған қоса, бұл митинг - елде коронавирус тарауына байланысты төтенше жағдай аяқталған соң өтіп жатқан алғашқы шара.
  • Қазақстанда коронавирус тараған тұста 16 наурыздан – 11 мамыр арасында төтенше жағдай болған. Елде ТЖ аяқталса да, карантин шаралары қалған. Қазақстан билігі елдегі ТЖ кезінде сынға ұшыраған "Бейбіт митинг туралы" жаңа заңды қабылдады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG