Бүгін, 8 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының уақытша қамау изоляторы алдында өздерін “Көше партиясының” (Қазақстанда тыйым салынған) белсенділері санайтын оннан аса адам 6 маусымдағы наразылық жиынында қамауға алынған үш белсендіні босатуды талап етті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Қолдарына плакат ұстап шыққан бір топ адам белсенді Дархан Өмірбаевты, Руслан Нұрқановты және Айбек Сәбитовті қамаудан шығаруды талап етіп. Олардың айтуынша, үш белсендінің бірі Өмірбаев қамауда жатып аштық жариялаған.
Қамау мекемесінің қызметкері Сәдуақас Өміралиев Азаттық тілшісіне Дархан Өмірбаевтың аштық жариялағанын растап, “оның денсаулығы жаман емес, дәрігерлер бақылауында” деді.
Сот белсенділерді әкімшілік кодекстегі 488-баптың 6-тармағы (Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу) бойынша кінәлі деп тауып Өмірбаев пен Сәбитовті 15 тәулікке және Нұрқанов 10 тәулікке қамау туралы қаулы етті.
Руслан Нұрқанов Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны болғандықтан, сот шешімінен кейін оны жазасын өтеуге Өскеменге жіберді.
Белсенділерді босатуды талап етіп келген азаматтарға Байқоңыр ауданы әкімдігінің өкілі келіп, бұл жиынның заңсыз екенін ескертті.
Жиналғандар әкелген сәлем-сауқаттарын белсенділерге беріп жіберді де, көп ұзамай тарап кетті.
6 маусымда Қазақстанда бір бірін мойындамайтын оппозициялық екі топ - “Демократиялық партия” ұйымы және Қазақстанда тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы наразылық митингісін ұйымдастырмақ болды. Алайда полиция олардың көбін белгіленген орынға жеткізбестен ұстап әкетті.
Азаттықтың есебінше, полиция жүздеген адамды қамауға алған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер кейбір қамалғандардың босағанын айтады.
Саясаткер Жанболат Мамай құрғысы келетін “Демократиялық партия” да, қуғындағы Мұхтар Әблязов құрған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысы да Қазақстанда ресми түрде тіркелмеген. Биыл “Демократиялық партия” өкілдері “билік белсенділерімізді жаппай қудалады” деп ұйымды тіркеуден бас тартқан. Ал ҚДТ қозғалысын Қазақстан бас прокуратурасы “экстремистік ұйым” деп танып, қызметіне тыйым салған. Бірақ ҚДТ өкілдері бұл шешімнің саяси астары бар деп санайды. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын “бейбіт сипаттағы оппозициялық ұйым” деп атаған.
19 мамырда астаналық сот тіркелмеген “Көше партиясын” елде экстремистік деп танылған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Бұған дейін белсенділер “Көше партиясын” “экстремистік ұйым” ретінде тану туралы сот шешіміне наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсірген.
ПІКІРЛЕР