Халықаралық HRW адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін наразылық кезінде полиция қызметкерінің фуражкасын қағып түсіргені үшін қамауға алынған белсенді Әсия Төлесованы босатуға шақырды. Ұйым оның үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылуы тиіс дейді.
"Осындай біржақты айыптаулар негізінде Әсия Төлесованы ұстаған полиция және сот асыра сілтеп отыр. Бейбіт митингіні шектеу және Төлесованы қылмыспен қудалау бейбіт наразылық кезіндегі Қазақстанның нағыз репрессивті бейнесін көрсетеді" деді ұйымның Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Мира Ритман.
Қазақстанда 6 маусымда билікке қарсы митингі кезінде полиция жүзден астам адамды ұстаған, кейбір кезде дөрекі күш қолданған. Сол күні Әсия Төлесова екі рет ұсталып, кейінірек босатылған. Сол кезде блогерлердің бірі Telegram каналына Төлесованың полицияға қол жұмсап, қалпағын ұшырып жіберген видеосын жариялаған. Куәгерлер "Төлесова ұсталғандарға көмектесуге тырысты" дейді.
Ал Төлесованың өзі желіде "Полицияның қоғамға еш қауіп төндірмей өз ойын бейбіт жолмен айтуға келген қарусыз жұртқа жасағанын көргенде эмоциямды жасыра алмадым" деп жазды.
Полиция 8 маусымда Әсия Төлесованы тергеуге шақырып, кейіннен ұстаған. 10 мамырда Алматы тергеу соты "Билік өкіліне күш қолданды" деп күдікке ілінген Әсия Төлесованы он күнге қамады. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза 3 жыл қамау болғандықтан қорғау тарабы оның қамалуын заңсыз деп атаған еді. HRW ұйымы мәлімдемесінде осы жайттарға назар аударады. Ал тергеу тарабы сотта егер оны босатса, "әрі қарай да заңсыз әрекеттерін жалғастырады" деп айтқан.
Халықаралық ұйымның айтуынша, Әсия Төлесова - Қазақстанда билікті сынағаннан кейін қылмыстық қудалауға ұшыраған алғашқы белсенді емес. Ұйым сәуір айының ортасында "төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген белсенді Әлнұр Ильяшев қазір тергеу изоляторында қамауда отырғанын да еске салады. Ильяшев желіде "Нұр Отан" партиясын сынайтын жазбалар жариялағаннан кейін қудаланған. Бұған дейін оның заңгері "Ильяшев ісі" бойынша айыптау сот психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысына, жорамалға негізделген деп мәлімдеген, іс материалындағы сәйкессіздіктер туралы айтқан.
"Қазақ белсенділері еркін пікір айту және бейбіт жиын өткізу құқығын пайдаланғаны үшін түрмеге отырмауы тиіс. Билік Әлнұр Ильяшев пен Әсия Төлесованың үстінен қозғалған қылмыстық істерді жауап, оларды босатуы тиіс" деді ұйым зерттеушісі Мира Ритман.
Оқи отырыңыз: Тергеу соты белсенді Әсия Төлесованы он күнге изоляторға қамады
ПІКІРЛЕР