Accessibility links

"Белсенділер - экстремист емес". Алматыда жүз шақты адам шеру өткізді


Алматы қаласы орталығында өткен белсенділер шеруі. 13 маусым 2020 жыл.
Алматы қаласы орталығында өткен белсенділер шеруі. 13 маусым 2020 жыл.

13 мамырда кешке Алматыда Панфилов көшесінің бойында жүз шақты адам шеру өткізді. Жиналғандар музыкалық аспаптарда ойнап, кейбірі биледі. "Субботаж" атты серуенге ұқсас шара шамамен үш сағатқа созылып, сағат ондарда аяқталды.

Шеру кезінде оған қатысушылар "Белсенділер - экстремист емес" және "Алға, Қазақстан" деп айқайлады. Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің айтуынша, шеруді полицейлер де бақылаған. Ешкім ұсталған жоқ.

"Бізге митинг өткізуге рұқсат бермейді, сол себепті осылайша жиналып, билеп, уақытымызды көңілді өткізгіміз келеді" деді шеруге қатысқан белсенді Асхат Жексебаев.

Былтырдан бері саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикеттерге шығып жүрген тіркелмеген "Көше партиясын" жақтайтын Жексебаев бұған дейін талай рет әкімшілік жазаға тартылып, қамалған. Оны "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптаған.

  • Мамыр айында сот "Көше партиясын" елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыз айындағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Оның жеткшісі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов ҚДТ туралы сот шешімінің саяси астары бар деп санайды. "Көше партиясы" мен ҚДТ қызметіне тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланбады.
  • Бірнеше белсенді "Көше партиясына" қатысты сот шешімін апелляцияға бермек болып еді, Нұр-Сұлтан соты "шағым түсірушілердің іс бойынша тараптарға жатпайтынын" айтып, қабылдамаған.
  • Былтырдан бері республиканың әр қаласында өздерін тіркелмеген «Көше партиясы» қозғалысының мүшесімін деп санайтын азаматтық белсенділер жиі наразылық акциясына шығып, адам құқықтары мен сөз бостандығы, митингіге қатысты талаптар қойып келеді. Құқық қорғау органдары оларды үнемі ұстап, түрлі әкімшілік жазаға тартқан. Сәуір айында ұйым мүшелері оны ресми түрде тіркететінін айтқан. Қазақстанның қоғамдық ұйымдары мен құқық қорғаушылар "Көше партиясы" қозғалысына қатысты шыққан сот шешімінің саяси астары бар деп сынаған.
  • "Субботаж" деп аталған сенбі күнгі акцияға шығуға шетелде тұрып жатқан Мұхтар Әблязов шақырған еді. Бұған дейін осыған ұқсас бірақ шағындау акциялар Нұр-Сұлтан, Шымкент және өзге қалаларда өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG