Accessibility links

Нұр-Сұлтанда белсенділер "наразылық шарасында күш көрсеткен полицейлер" үстінен арыз түсірді


Еуроодақ өкілдігі алдында наразылық жасап тұрған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2020 жыл.
Еуроодақ өкілдігі алдында наразылық жасап тұрған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2020 жыл.

15 маусымда нұр-сұлтандық бірнеше белсенді "полицейлер наразылық шарасы кезінде күш көрсетті" деп қалалық полиция департаментінің қызметтік қауіпсіздік басқармасына арыз түсірді. Полиция департаментіндегілер арыздың бір ай ішінде қаралатынын мәлімдеді.

Азаматтық белсенді Анна Шүкееваның айтуынша, 10 маусымдағы Европа одағы өкілдігінің алдындағы сөз бостандығы, адам құқығының сақталуы және 6 маусымдағы митингіде қамалған белсенділерді босатуды талап етіп шыққандары үшін өздерін күште әкеткен полиция қызметкерлеріне қатысты арыз жазған.

- Мен арнайы жасақ қызметкерлері мен учаскелік полицей Қадыр Ермекқалиев пен жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Тахир Абдурахмановқа және полицей Мұхаммед Қандағашевтің заңсыз әрекетіне қатысты арыз жаздым. Мені Есіл аудандық полиция бөлімшесінде алты сағат ұстады, аяғым ауыр екеніне қарамастан маған ас-су бермеді, дәретханаға қамап, үйіме телефон шалдырмады. Мен мұны жәбірлеу деп санаймын, - дейді Шүкеева.

Белсенділер Әсия Бақаева мен Руслан Төлеу де полицейлерге қатысты шағым түсіріп, оларды өз қызметін асыра пайдаланды деп санайтынын жазған.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне арыз жазуға жиналған белсенділер туралы Бибігүл Тұяқова өзінің Facebook желісіндегі парақшасында тікелей эфир жүргізді. Онда Бақаева көгеріп кеткен білектерін көрсетіп, арнайы жасақтың қатты сүйрелеуінен болғанын айтады.

- Менің қолымды осылайша көгергенше қысты. Ауырып барады дегеніме қарамады. Мен тіпті ешқандай қарсылық көрсеткенім жоқ, көрсетуге шамам да келмес еді. Менің қол шатырымды сындырды, мүлкіме зиян келтірді. Мен полиция басшылығының тергеу жүргізіп, маған келген шығынды қайтаруын талап етемін, - дейді Бақаева.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі арыздың тіркелгенін растап, арнайы қызметтік тексеріс жүргізілетінін, бір айдың ішінде жауабы берілетінін айтты.

8 және 10 маусымда Нұр-Сұлтанда белсенділер митингіден кейін қамалғандарды босатуды талап етіп, биліктің әрекетін сынаған наразылық акциясын уақытша қамау изоляторы мен Еуропа елдері елшіліктері ғимараты алдында өткізген. Бұл шараға жиналғандарды арнайы жасақ күштеп әкеткен еді.

Нұр-Сұлтанда полиция Назарбаев пен Тоқаевты сынағандарды күштеп әкетті

Нұр-Сұлтанда полиция Назарбаев пен Тоқаевты сынағандарды күштеп әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

Кейін Анна Шүкеева Нұр-Сұлтандағы АҚШ елшілігі алдында наразылық акциясын өткізгені үшін "Рұқсат етілмеген митингіге шығуға шақырды" деп айыпталып, оған 138 900 теңге (347 доллар) айыппұл салған.

6 маусымда Қазақстанда бір-бірін мойындамайтын тіркелмеген оппозициялық екі топ - "Демократиялық партия" және Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жақтастарын митингіге шақырған еді. Полиция митингіге келгендерді ұстаған.

Жиналғандар несиеге жаппай амнистия жасауды, саяси тұтқындарды босатуды, жерді шетелдіктерге сатпауды әрі жалға бермеуді талап етті.

Қазақстан ішкі істер министрлігі билікке қарсы бейбіт митинг кезінде 53 адам ұсталғанын хабарлады. Ал бақылаушылардың есебінше наразылықта полиция кем дегенде 311 адамды ұстап әкеткен.

Нұр-Сұлтанда "митингке қатысу тәртібін сақтамады" деген айыппен белсенділер Дархан Өмірбаев, Айбек Сәбитов пен Руслан Нұрқанов 10-15 тәулікке қамалған. Руслан Нұрқановты бірден тұрғылықты жері Өскемен қаласына алып кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG