Accessibility links

Денсаулық министрлігі: Вирус жұқтырған 54 науқас өзге аурудан көз жұмды


Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева орталық коммуникация қызметіндегі баспасөз брифингінде. Нұр-Сұлтан, 18 мамыр, 2020 жыл
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева орталық коммуникация қызметіндегі баспасөз брифингінде. Нұр-Сұлтан, 18 мамыр, 2020 жыл

Қазақстан билігі коронавирус жұқтырған 54 адамның өліміне басқа себеп болды деген шешім қабылдаған. Бұл марқұмдар "коронавирустан қайтыс болғандардың" ресми статистикасына енбеген.

Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлімдеді баспасөз брифингінде.

“Коронавирус инфекциясынан елде 97 науқас (ресми дерек бойынша 100 - ред) қайтыс болды. Бұл марқұмдардың өліміне коронавирус тікелей себепкер болған. Сонымен қатар коронавирус анықталған, бірақ инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болудың 54 адам бар. Бұл адамдарда коронавирус ілеспе ауру болып, қайғылы жағдайдың себепкері болмады” деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингінде.

Ақтаеваның сөзінше, кісі өлімін аймақтардағы денсаулық сақтау басқармаларына қарасты арнайы комиссия талдайды.

Мамырдың ортасында Азаттық Алматы, Нұр-Cұлтан және Шымкент қалаларында коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зираттарда ресми айтылғаннан көп адам жерленгенін әшкереледі. 4 маусым күні денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ресми статистикаға кірмеген 37 кісі өлімі барын айтты. Министр олар коронавирус жұқтырса да, басқа себептен өлген деді. Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш көрсеткішті содан бері жаңартпады.

16 маусым күні Азаттық Алматы қаласы маңындағы “коронавирус зиратына” қайта барып, 64 адамның жерленгенін анықтады. Сол күннің ресми дерегінше, Алматы қаласында коронавирустан 12 адам қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігі 3 маусымнан бастап коронавирус жұқтырғандарды да екі бөлек есептеп отыр. Симптомы барларды “ауырғандар”, жоқтарды “тасымалдаушылар” деп белгілеп, вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына тек біріншісін қосып отыр.

Симптомы бар-жоқ деп бөлмей есептегенде, вирус жұқтырғандар саны 22 мыңнан асты. Бүгін коронавирустан тағы үш адам қайтыс болғаны айтылып, COVID-19 өлімі 100-ге жетті. Он мыңнан астам адам жазылып шықты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG