Қазақстан билігі елде тараған коронавирусты тоқтату амалы үшін екінші апта қатарынан Алматы мен Нұр-Сұлтанда сенбі-жексенбіде "карантиндік демалыс" жариялады.
27-28 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда сауда орталықтары, супермаркеттер, базарлар және парктер, фитнес орталықтар, жабық ғимараттағы тамақтану орындары жабылады. Тек ашық аспан астындағы тамақтану орындары, көпқабатты үйлердің астындағы шағын азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істейді. Қоғамдық көліктер де тоқтайды. Қарт адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойылды. Қала биліктері жұртты сенбі-жексенбіде албаты көшеге шықпауға шақырады.
Мұндай шектеу өткен сенбі-жексенбі, 21-22 маусымда Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Екібастұз және 50 мыңнан астам тұрғыны бар елдімекендерде енгізілген.
Маусымның басынан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар күрт өсіп, қазір 33 мыңнан асты. Елде пневмонияға шалдыққандар да көп. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы инфекциялық ауруханалардың 90 пайызы толы.
Сарапшылар демалыстағы уақытша шектеулерді наразылық шарасымен де байланыстырады. 13 маусымда елдің бірнеше қаласында "субботаж" деп аталатын қарсылық шарасы өткен. Бұл акцияға қатысқан бірнеше белсенді қамалған. Жұртты акцияға шетелде тұрып жатқан оппозициялық саясаткер, экс-банкир, Мұхтар Әблязов шақырған.
Қазақстан 11 мамырда елде коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай режимін аяқтап, карантин шектеулерін жеңілдете бастаған.
ПІКІРЛЕР