Accessibility links

Жұмыс сұраған жаңаөзендіктермен "Қазмұнайгаз" басшысы кездеспеді


"Қазмұнайгаз" компаниясының өкілі жұмыс талап етіп келген Жаңаөзен тұрғындарымен сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 26 маусым 2020 жыл.
"Қазмұнайгаз" компаниясының өкілі жұмыс талап етіп келген Жаңаөзен тұрғындарымен сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 26 маусым 2020 жыл.

Нұр-Сұлтанға жұмыс талап етіп келген жаңаөзендіктермен 26 маусымда «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының адам ресустарын басқару жөніндегі басқарма директоры Дәулетжан Хасанов кездесті.

Ол жаңаөзендіктердің талабын бірден орындау мүмкін еместігін, бір апта уақыт керектігін айтып, «Өзенмұнайгаз» компаниясына жұмысқа қабылдаудың жергілікті билікпен бірлескен арнайы жүйесі барлығын көлденең тартты.

Дәулет Хасановтың сөзінше, жаңаөзендіктер кездесуді талап еткен «Қазмнайгаздың» басқарма бастығы Алик Айдарбаев індетке байланысты өзін оқшаулаған және компания офисі жабық болғандықтан кездесу мүмкін емес.

- Қайрат Досмағамбетовтың жағдайын білеміз. Ал қалғандары туралы ойлануымыз керек. Себебі ұсынылған жұмысқа бармай отырсыңдар. Бекітілген жүйені бұзып, бәріңді бірден «Өзенмұнайгаздың» штатына енгізе алмаймыз, - деді ол Нұр-Сұлтан қаласындағы министрліктер үйі маңында көшедегі кездесу кезінде.

Олардың әңгімесін бірнеше полицей мен арнайы жасақ өкілдері бақылап, видео камераға жазып алып тұрды.

Дәулетжан Хасанов жиналғандарды жұмысқа орналастырса, Жаңаөзенде жүмыссыз отырғандар бас көтеріп, толқу бола ма деп уайымдайтынын да айтты.

«Қазмұнайгаз» өкілі мұнай бағасы арзандағандықтан «Өзенмұнайгаздағы» жұмыс орындарын сақтап қалудың қиындығын айтып, оларды кері қайтаруға тырысты. Бірақ жұмыс сұрап келгендер нақты шешімсіз кері қайтудан бас тартты.

- Бір апта ма, қанша болса да күтеміз. Мәселеміз шешілмей, бұл жерден ешқайда кетпейміз. Үш жылдан бері хат жазып келеміз. Баратын жердің бәріне бардық. Талабымыз орындалмаса бізді естігенше наразылығымызды жалғастыруға мәжбүрміз, - деді жаңаөзендіктер.

Олар жалдамалы пәтерлеріне оралғанда соңдарынан арнайы жасақ бақылау жасап, видеокамераға түсіріп, пәтер алдын күзетіп тұрды.

25 маусымда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы тұрғындары 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде жарақат алған мұнайшылар Ермұхан Иманалиев және Мұханбет Серікбаев, "тергеу абақтысындағы азаптау" жайлы мәлімдеп, ауыр науқастан екі жыл бұрын қайтыс болған мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтің шешесі, 12 баланың анасы Оңайгүл Досмағамбетова және оның ұлы Қайрат Досмағамбетов және сол оқиға кезінде абақтыға себепсіз қамалып, екі айдан соң босатылған Дәулет Сәдуақасов Ақорда алдына келіп, өздерін мұнай компаниясына жұмысқа орналастыруды талап еткен еді.

Қарай отырыңыз: "Өмірдің қызығын көрде жатып көрем бе?" Жаңаөзендіктер Ақордаға келіп жұмыс талап етті (25 маусым 2020 жыл).

"Өмірдің қызығын көрде жатып көрем бе?" Жаңаөзендіктер Ақордаға келіп жұмыс талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:18 0:00

Олар қолдарына «Жаңаөзен 2011 жылы 16 желтоқсанда зардап шеккендер «Өзенмұнайгаз» компаниясына жұмысқа орналастыруды талап етеміз», «Мұнай ел байлығы, біздің байлығымыз», «Қазмұнайгаз басшысы Алик Айдарбаев, біз де жақсы өмір сүргіміз келеді» деген жазулары бар плакаттар ұстап тұрған болатын. Нұр-Сұлтан билігі олардың наразылығын заңсыз деп танып, арнайы жасақ өкілдері автобусқа күштеп алып кетіп, кейін әкімшілік жазаға тартқан сот өткен. Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік соты Жаңаөзеннен келген бес тұрғынды «митинг өткізу тәртібін сақтамады» деп айыптап, ескертумен босатқан.

Сот пен арнайы жасақтың әрекетінен соң 70-тен асқан Оңайгүл Досмағамбетова өзінің тоғыз жыл бұрынғы жағдай көз алдына келіп, түнімен дұрыс ұйықтай алмағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG