27 маусымда Қазақстанда 1486 адамнан коронавирус табылды: ауру белгісі байқалған - 461 науқас, ауру белгісі жоқ 1025 адам анықталған. Бір күнде 190 адам жазылып, 16 адам қайтыс болған.
Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.
Қазақстанда симптомы жоқ "тасымалдаушыларды" қоса есептегенде 36 353 адамнан коронавирус анықталған. 20 780-і - "симптомы бар" науқас, 15 573-і - "симптомы жоқ" тасымалдаушы. Эпидемия басталғалы бері 12 738 адам жазылып шығып, 166 адам қайтыс болды.
Қазақстанда карантин шаралары алынғаннан кейін вирус жұқтырғандар саны еселеп артып, билік шектеу шараларын қайта күшейтуге мәжбүр болған. Көптеген қалалар мен облыстарда коронавирус жұққандарды емдейтін стационарлар толып, дәрігерлер тапшылығы байқалған. Бұған дейін кейбір аймақтарда пневмония өршігені хабарланған.
Билік елде тараған коронавирусты тоқтату үшін екінші апта қатарынан Алматы мен Нұр-Сұлтанда сенбі-жексенбіде "карантиндік демалыс" жариялады. Өзге аймақтарда да демалыс күндері шектеу күшейді.
Оқи отырыңыз: "Қазақстанда вирус тез тарап жатыр". Пневмония өршіп, ауруханада науқас көбейді
ПІКІРЛЕР