Accessibility links

Қазақстан Назарбаев қанынан вакцина жасалады деп хабар таратқан ресейлік сайтты бұғаттады


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев

2 шілде күні panorama.pub дейтін ресейлік сайт Қазақстанда елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаны негізінде вакцина жасалады деп хабар таратқан болатын. Сайт Қазақстан территориясынан ашылмай тұр. Сатирикалық сайттың ашылмай қалғанын алғаш болып ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, “Панорама” сайтын VPN құралдары арқылы ашуға болады.

“Панорама” жаңалығынан соң, Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Назарбаев қанынан вакцина жасалады деген ақпаратты жоққа шығарды.

“Уәкілетті органдарға ақпараттың Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған-бұзбағаны жөнінде экспертиза жасау және ақпараттың одан әрі тарауына жол бермеудің барлық амалын қарастыру тапсырылды” делінген министрліктің 3 шілдедегі мәлімдемесінде.

Министрлік сондай-ақ “көрінеу жалған ақпарат тарату” қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Адам құқықтарының қорғаушылары қылмыстық кодекстің осы бабын сынға алып келеді. Билік бұл бапты белсенділер мен блогерлерге қарсы жиі қолданады.

Назарбаевтың коронавирус жұқтырғаны 18 маусым күні хабарланды. Екі апта өткен соң, 2 шілде күні баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұрынғы президенттің ПТР анализі теріс нәтиже көрсеткенін хабарлады.

6 шілдеде Назарбаев 80 жасқа толады. Оның туған күні елде "Астана күнімен" тұспа-тұс. Былтыр Назарбаев президенттіктен кеткенде Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгерген.

Нұр-Сұлтан жұрты Назарбаевтың жаңа ескерткіші жайлы не дейді?

Назарбаев президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және биліктегі "Нұр Отан" партиясының лидері ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отыр. Оның "Елбасы" титулы бар. Бұл титулдың арқасында Назарбаев пен оның отбасына қылмыстық іс қозғалмайды.

Билікті сынаушылар Назарбаев қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр қадамын бақылап, елді әлі басқарып отыр деп санайды.

Қазақстан жыл сайын 6 шілдеде Астана күнін көп қаржы бөліп атап өтетін. Билік елде коронавирус өршіп, вирус жұқтырғандар 45 мыңнан асқан тұста екінші рет карантин енгізуге мәжбүр болды. Сондықтан биыл Астана күні онлайн форматта атап өтілмек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG