Бүгін, 7 шілдеде Алматы қаласы Медеу аудандық сотында азаматтық белсенді Әсия Төлесованың ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Zoom қосымшасы арқылы онлайн өткен тыңдауда судья Залина Махарадзе жауапкердің бір ғана өтінішін – фототехникалық және сот-филологиялық сараптама жасауды мақұлдады. Ал белсендіні кепілге босату және істі тоқтату туралы өтініштер қабылдамады.
6 маусымда билікке қарсы бейбіт митинг кезінде полиция наразыларды ұстап жатқан кезде Төлесова жанындағы полицейге қол жұмсап, қалпағын қағып түсіргеннен кейін “Билік өкіліне қол көтеру” бабы бойынша іс қозғалған. Куәгерлердің айтуынша, белсенді полиция ұстаған азаматтарға араша түспек болған.
7 шілдедегі онлайн тыңдауға мемлекеттік айыптаушымен бірге адвокат Назерке Ризабекова мен Джохар Өтебеков және жәбірленуші алты полицей қатысты. Айыпталушы Төлесова тергеу изоляторынан қатысты.
Белсендінің қорғаушылары судьяға бірнеше өтініш білдірді. Соның бірі – Төлесованың анасы Жанар Жандосоваға қоғамдық қорғаушы болуға рұқсат беру. Судья бұл өтінішті қанағаттандырды.
Адвокат Өтебеков белсендінің жазасын жеңілдетуді сұрады. Ол заңда “егер тағылған айып негізінде жаза мерзімі бес жылдан көп болса ғана қамауға алу қарастырылғанын” атап өтіп, қажет болса Төлесованың кепілге 52 миллион теңге тұратын үйін қоюға дайын екенінін мәлімдеді.
Өтебеков сондай-ақ белсендінің кімді және қалай жарақаттағанын немесе қорлағанын анықтау мақсатында филологиялық, сот-медициналық, фототехникалық және психологиялық сараптауды сұрады.
“Айыптау актісінде Төлесованың полицейлердің біріне үш соққы жасағаны, екі рет басынан, бір рет иық тұсынан ұрғаны жазылған. Біз видеоны көріп, полицейге соққы жасалғанын байқамадық. Төлесованың қорғаушысы адвокат Әлімжан Оралбай адвокаттық сауал арқылы Ильиных дейтін маманның сараптамасын сұраттық. Ол Төлесованың полицейдің басынан ұрмағанын, оң алақанымен полицейдің фуражкасын жанап өткенін, осыдан кейін сол қолы фуражкасына тигенін айтты. Ал өзін ұстап әкетпек болған полицейден қорғанбақ болған Төлесова қолын жұлқып қалғанда, қолы полицейге тигені көрінеді” деді адвокат Назерке Ризабекова.
Тыңдауға жәбірленуші деп танылған алты полицей де қатысты. Айыптау актісі бойынша, Төлесова олардың екеуіне күш қолданған, бесеуіне тіл тигізген. Жәбірленушілердің бірі Нұрбек Темірханов белсендіні өзіне күш қолданып, тіл тигізді деп айыптап отыр.
Адвокаттың сөзінше, Төлесова “Жексұрын, сен де жексұрынсың! Ешқайсысың форма киюге хақың жоқ. Оңбаған менттер!” деген. Сараптама қорытындысы бойынша, бұл сөздерде адамды қорлайтын ешнәрсе жоқ.
Адвокаттар осының негізінде істі тоқтатуды сұрады. Ал айыпталушы Төлесова өзін айыпты деп санамайтынын айтты. Дегенмен ол сол сәтте өзін ұстай алмағаны үшін кешірім сұрады.
Прокурор істі тоқтатуға негіз жоғын, ал сараптама тағайындау негізгі процесс кезінде шешілетін мәселе екенін айтты.
Төлесованың өзі 6 маусымдағы наразылықтан соң желіде “Полицияның қоғамға еш қауіп төндірмей өз ойын бейбіт жолмен айтуға келген қарусыз жұртқа жасағанын көргенде эмоциямды жасыра алмадым” деп жазған. Сол күнгі билікке қарсы бейбіт митинг кезінде полиция жүзден астам адамды күштеп ұстаған.
Алматы қаласының тергеу соты Төлесованы изоляторға қамап, қамау мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Тағылған айыптар бойынша, ол үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Amnesty International және HRW ұйымдары Қазақстан билігін Төлесованы қамаудан босатуға шақырған.
ПІКІРЛЕР