Accessibility links

Ресейдің Хабаровск өлкесінде мыңдаған адам қамауға алынған губернаторын қолдап шеруге шықты


Сергей Фургалды қолдап шыққан тұрғындардың бірі.
Сергей Фургалды қолдап шыққан тұрғындардың бірі.

Қамауға алынған өлке губернаторы Сергей Фургалды қолдау білдірген стихиялық шеруге ондаған мың Хабаровск тұрғыны қатысты. Бұл туралы Азаттықтың “Сибирь.Реалии” жобасы хабарлады. Шеру кейінгі жылдардың ең ірі акциясына айналды. Акцияны өңірдегі Амурдағы Комсомольск, Эльбан, Солнечный және өзге де қалаларының тұрғындары қолдады.

Полиция Фургалды 9 шілде күні Хабаровскідегі үйінен ұстап әкетіп, келесі үні Мәскеу сотының шешімімен қамауға алынды. Шенеунік 2000-жылдардың соңындағы кісі өлтіру ісі бойынша айыпталып отыр.

Саясаткер – билік партиясы “Едина Россияның” мүшесі емес санаулы аймақ басшыларының бірі. Ол – ЛДПР партиясының мүшесі. Фургал Хабаровск өлкесі думасының депутаты болған, екі рет мемлекеттік думаға сайланған. 2018 жылғы сайлауда сол кездегі губернатор Вячеслав Шпортты жеңген болатын. Сайлаудың бірінші сатысында ол Шпорттан 675 дауысқа, екінші сатысында 40 пайызға озып кетті.

Губернаторы қамауға алынған соң Хабаровск тұрғындары билік рұқсат етпеген стихиялық шеруге шықты. Өңір басшысының қамалғанына наразы адамдар қаланың орталық көшелерін жапты.

Қарсылық акциясы алғашқыда сағат 12-ге белгіленіп, Хабаровск қаласының Ленин алаңында өтетін болған. Алайда билік таңертең “коронавируске байланысты дезинфекция жасау үшін” алаңды жауып тастады да, ол жерге бірнеше автозак пен патруль көлігін алдыртты.

Бірақ бұл наразы адамдарды тоқтата алмады. Алғашқы қатысушылар қоршауға ілінбеген Ленин ескерткішінің жанына жинала бастады. Акция қатысушыларының көбі губернатордың қамалуы саяси іс, Фургал Мәскеуге жақпай қалған дейді.

Шеру қатысушылары “Мен/біз Сергей Фургалмыз”, “Фургалға бостандық”, “Ол единоростардың (Ресейде “Единая Россия” партиясының мүшелерін осылай атайды – ред.) ұрлауына жол бермеді” деген жазу ұстап шықты. Шерушілердің жанынан өткен көлік жүргізушілері де наразыларды қолдап жатты.

“ДВХАБ” басылымының хабарлауынша, акция қатысушыларына Фургалдың орынбасары мен баспасөз хатшысы шыққан. Шерушілер губернаторды қолдайтын петицияға қол қойған.

Полиция мен Росгвардия акцияға араласпады, ешкімді ұстап әкетпеді. Губернатордың баспасөз қызметі өлке тұрғындарына үндеу жолдап, губернаторды қолдап шеруге шыққандарға алғыс айтты.

Кеше 10 шілдеде Сергей Фургал тергеу комитетінің айыбына “әрине, айыпты жоққа шығарамын, мұндайды не айтуға болады?” деді. Өлке басшысы губернатор міндетін атқарушыны тағайындап үлгермегеніне алаңдаушылық білдірді.

  • Сергей Фургалмен бірге тергеу комитеті оның сыбайласы деп тапқан төрт адам қамалды. Олардың бәріне кәсіпкер Евгений Зори мен Олег Булатовты өліміне кінәлі, бизнесмен Александр Смольскийге қастандық жасады деген айыпталып отыр. Бұл қылмыстардың бәрі 2004 жылы жасалған.
  • Губернатор қызметінде Фургал шенеуніктердің жалақысы мен шығындарын азайтумен есте қалды. Ол сондай күдікті деп танылған мемлекеттік сатып алуларды тоқтатты. Сонымен қатар Фургалдың шешімі бойынша өлке үкіметінің меншігінде 8 жыл болған яхта сатуға қойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG