Accessibility links

Министр Аймағамбетов: Жаңа оқу жылында оқушыларға мектеп формасын кимеуге рұқсат беріледі


Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов

Жаңа оқу жылында Қазақстан оқушыларына сабаққа мектеп формасын кимей қатысуға рұқсат беріледі. Бұл туралы сенбі 11 шілдедегі брифингте білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Шешім елде коронавирус індеті мен пневмония өршіп, әлеуметтік-экономикалық жағдай қиындаған тұста қабылданды.

“Ата-ананың мектеп формасын сатып алуға шамасы келмесе, олар балаларын классикалық немесе іскерлік үлгідегі қарапайым киіммен қамтамасыз етуі керек. Біз осындай шешім қабылдадық. Қазіргі жағдай үшін осы шешім маңызды деп санаймыз” деді министр мектеп формасын сатып алу көптеген ата-ана үшін қосымша салмақ екенін айтып.

Аймағамбетовтың мәлімдеуінше, министрдің мектеп формасу туралы бұйрығына төтенже жағдай, карантин және форс-мажор жағдайларында жұмыс істейтін арнайы тармақ енгізіледі.

Биыл көктемде Қазақстан оқушылары коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде қашықтан білім алған болатын. Министр оқушылар күзде қашықтан оқуды жалғастыра бере ме, әлде партаға отыра ма, оны нақтыламады. Аймағамбетов эпидемиологиялық жағдайдың қалай өрбитініне байланысты оқуды ұйымдастырудың үш нұсқасы барын айтты.

  • Қашықтан білім беру;
  • Дәстүрлі (кабинеттерде термометрияның, санитайзерлердің болуы, әлеуметтік қашықтық ұсталуы, сабақтар қысқартылуы) және қашықтан білім алудың қосындысы;
  • Қатаң санитариялық шектеулері бар қалыпты тәртіп – балаларға мектепке барып білім алады, бірақ сыныптағы оқушы саны бойынша шектеулер енеді, кабинеттік жүйе тоқтайды, сабақ кестесі қатаң реттеледі;

Министрдің әзірше қай нұсқаның таңдалатыны белгісіз екенін, бірақ “білім жүйесі бәріне дайын болуы керек” екенін айтты. Бірақ мектеп формасын киюдің міндетті болмауы қандай жағдай болмасын күшінде қалады деді ол.

“Мейлі дәстүрлі болсын, мейлі қашықтан болсын, бұл шешім күшінде қалады. Егер басын қашықтан бастап, жыл ортасында дәстүрлі білім беруге көшсек, мұғалім оқушыдан мектеп формасын киіп келуді талап етпейді. Бұл шешім бүкіл оқу жылында күшінде болады. Егер оқушыда мектеп формасы болса – аға-әпкесінен қалса немесе ата-анасы алдын ала сатып алған болса – әрине, соны киіп келуге де болады” деді министр.

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, Қазақстан КВИ жұқтырғандар бойынша әлем елдері арасында 31-орында. Қазақстан билігінің ресми дерегіне сәйкес, елде 56 455 адамның КВИ жұқтырғаны расталған. Денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырғандар саны бұдан көп болуы мүмкін екенін мойындады. Кейінгі күндері көптеген қазақстандық коронавирустың бар-жоғын анықтайтын талдауды жасата алмай отырғанына (жекеменшік зертханалар анализ алуды тоқтатты), ауруханада орын жетпей науқастарды қабылдамай жатқанына, дәріханалардағы дәрі тапшылығына шағынды.

Сонымен қатар Қазақстан пневмония індеті де өршіп тұр. 2020 жылдың алғашқы алты айында пневмонияға шалдыққандар 55,4 пайызға артып, 98 546-ға жеткен. Былтыр дәл осы мерзімде 63 436 жағдай тіркелген. Кеше 10 шілде күні үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тек 1-8 шілде аралығындағы аптада 56 809 адамның пневмонияға шалдыққанын айтты. Министрдің сөзінше, оның 39 702 жағдайында ауру белгілері коронавирустікіне ұқсайды.

COVID-19 індеті өршіген тұста билік 5 шілдеден бастап екі аптаға карантин шектеулерін жариялап, бірқатар сауда және қызмет көрсету мекемелерін жапты, өңіраралық көлік қатынасын шектеді. Билік ахуал тұрақтамаса, карантин одан әрі созылуы мүмкін екенін ескертті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG