Accessibility links

Тоқаев елде карантин екі аптаға созылатынын мәлімдеді. Үкімет "мұқтаждарға" 42,5 мың теңге төлемек


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілде күні Twitter парақшасында елде карантин тағы екі аптаға созылатынын жазды. Тоқаевтың мәлімдеуінше, билік карантинде табыссыз қалғандарға 42500 теңге (шамамен 103 доллар) төлемек.

Тоқаев елде дәрі-дәрмек, ауруханада орын жетпей жатқан тұста жасаған мәлімдемесінде "қазір жағдайдың реттеле бастағанының алғашқы нышандары байқалады" деп жазып, "ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор" деді.

"Мұқтаж жандарға үкімет шілде айына 42,5 мың теңге төлейді" деп жазды президент.

Тоқаев желіде "азаматтарымыз денсаулығын сақтау үшін карантиннің негізгі талабы өзін-өзі оқшаулау шарасын қатаң ұстануы қажет" дегенімен, елде толық локдаун болар-болмасын ашып жазбады.

"Шешімді 14 шілдеде үкіметтегі комиссия қабылдайды" деді.

Қазақстанда коронавирус өршіп кеткен тұста билік 5 шілдеде екі аптаға қайта карантин жариялап, қызмет көрсету саласындағы бизнестерді жауып, қалааралық автобус қатынасына тыйым салған. Сол кезде билік жағдай реттелмесе, карантин тағы созылатынын айтқан.

Елде коронавирусқа байланысты 16 наурыз - 11 мамырда төтенше жағдай жарияланған. Жұрт осы уақытта қатаң карантинде отырған. Сол кезде үкімет табыссыз қалған жұртқа екі ай 42500 теңге төлеген. Көктемдегі карантинде жәрдемақы тағайындалғанда көптеген адам құжат рәсімдеудің қиындығына, көмектің аздығына шағымданған. "Табыссыз қалсақ та, 42500 теңге ала алмадық" дегендердің де қатары көп болған.

5 шілдеде карантин жарияланғанда вице-премьер Ералы Тоғжанов "табыссыз қалғандарға 42500 теңге төлеуге негіз жоқ, жұмыс істеуі керек" деген еді.

  • Қазақстанда 13 шілде – пандемия құрбандарын еске алу үшін Ұлттық аза тұту күні.
  • Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, елде 60 мыңға жуық адамнан коронавирус табылды. COVID-19 індетінен 375 адам қайтыс болды. Министрлік коронавирус жұқтырған жүзден астам марқұмды "өлімі басқа дерттен болды" деп ресми есепке қоспай отыр.
  • Елде коронавирус өршіген тұста пневмонияға шалдыққандар да көбейді. Қазір елде 50 мыңнан астам осы дертпен ауырып жатыр. Министрлік олардың 30 мыңнан астамының анализінен коронавирус табылмаған деп отыр. Пневмониядан мыңнан адам қайтыс болды. Қазақстанда пневмониядан көз жұмғандардың нақты статистикасы жарияланбады.
  • ДДСҰ Қазақстандағы пневмонияны COVID-19 індеті болуы мүмкін деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG