14 шілде күні кешке Беларусь астанасы Минскіде тұрғындар бұрынғы банкир Виктор Бабарико мен Беларусь жоғары технологиялар паркінің бірінші директоры Валерий Цепкалоны қолдап, рұқсат етілмеген наразылық шеруіне шықты. Елдің орталық сайлау комиссиясы бұл екеуін президенттікке үміткер ретінде тіркеуден бас тартқан болатын.
Кешкі сағат 8-ге таман қала орталығындағы Тәуелсіздік даңғылын полиция жауып тастады. Бұл уақытта даңғыл бойында жүздеген наразы адам болатын. "Неміс толқыны" радиосының хабарлауынша, жиналағандар ешқандай жалау, ұран немесе жазба ұстап шықпаған. Олар даңғыл бойымен шапалақ ұрып жүріп өтті. Олардың жанынан өтіп бара жатқан көлік жүргізушілері дыбыс белгісін беріп шерушілерге қолдау білдірді. Акцияның жаяу қатысушыларымен бірге даңғыл бойында велосипедшілер де жиналды.
Құқық қорғаушылар ондаған адамның қамауға алынғанын айтып жатыр. Олардың шетелдік БАҚ журналистері де бар.
Кешкі 11-ге таман Азаттықтың Беларусь қызметінде жұмыс істейтін екі журналист қамаудан босатылды. Әлеуметтік желіде хабарланғандай, оларды кешкі 9 шамасында ұстап әкеткен. Азаттық радиосы Беларусь қызметінің мәліметінше, 14 шілде күні кешке Минскіде 72 адам қамауға алынған. Наразылық елдің өзге қалаларында да өткен.
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Виктор Бабарико мен Валерий Цепкалоның президенттікке үміткер ретінде тіркелмеуі жөнінде мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде биліктің бұл қадамы Беларусь халқының таңдау жасау құқығын шектейді делінген. Боррель үміткерлерді тіркеуден бас тарту арқылы Беларусь билігі саяси бәсекені қамтамасыз ете алмады деді.
- Беларусьте президент сайлауы 9 тамызға белгіленген. Лукашенко алтыншы мерзімге талпыныс жасап отыр. Ол мемлекетті 25 жылдан астам уақыт бойы басқарып келеді. Халықаралық ұйымдар Лукашенконың кейінгі сайлаулардағы жеңісін демократиялық стандарттарға сай емес деп сынға алды.
- Қазіргі сайлау науқаны кезінде Лукашенкоға қарсы көптеген наразылық акциялары өтіп жатыр. Билік оларды күшпен таратып отыр. Төрт жүзге жуық адам қамауға алынған. Беларусь президенті Лукашенко биліктің “майданның” алдын алғанын айтып, шет мемлекеттерді елдегі сайлауға араласты деп айыптады. Айыпталған елдер қатарында Ресей де бар. Еуроодақ пен АҚШ елдегі саяси репрессияны тоқтатуды талап етті.
- Маусымның ортасында Беларусь билігі президенттік сайлауға түсетінін жариялаған Виктор Бабарико мен оның ұлы Эдуард Бабариконы қамауға алған.
ПІКІРЛЕР