Accessibility links

Сот Азаттықтың шағымы бойынша істі жүргізген полицейдің әрекетін заңсыз деп таныды


Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі жасаған адамдар. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.
Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі жасаған адамдар. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.

15 шілдеде Алматы қалалық тергеу соты Азаттықтың Алматы бюросының бұрынғы жетекшісі Қуанышбек Қаридың шағымы бойынша "Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтіру" ісін тергеген полицейлердің әрекетсіздігін заңсыз деп таныды.

Адвокат Айман Омарова сот полиция бөлімшесі инспекторының әрекетіне шағымын қараусыз қалдырғанын айтты. Адвокат енді жағдайға қарай әрекет ететінін айтты. Сот бүгін, 15 шілдеде тек қарарды жариялады.

15 сәуірде Алматы қалалық тергеу соты "Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтіру" ісін жүргізген полицейдің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлының шағымы бойынша істі қайта тергеуге жіберу туралы қаулы шығарған. Кейін апелляциялық сот бұл шешімді жойып, журналист полицияға қайта шағымдану керегін айтқан.

Былтыр 22 наурызда Алматыда өткен наразылық кезінде бірнеше адам Азаттық пен "Настоящее время" телеарнасының түсірілім тобының камерасын бөгеп, тілшілердің жұмысына кедергі келтірген болатын. Сол маңда жүрген полицейлер тілшілерге кедергіні көре тұра әрекет етпеген. Осы оқиғадан кейін Азаттық тілшілері сотқа шағым түсірген еді. Азаттық тілшілері мен адвокаткөп уақыт өтсе де, іс жылжымағанын айтқан. Кейінірек адвокат Айман Омарова "полицияның әрекетсіздігіне" шағымданған. Ол шағымында соттан полицейлердің әрекетін заңсыз деп тануды сұраған.

Бүгін, 15 шілдеде Алматы тергеу соты "Настоящее время" тілшілері Шолпан Оразбекова мен Павел Энгельгардтың да "тілші жұмысына кедергі келтіру" шағымы бойынша істі қарай бастады. Адвокаттың сөзінше, судья Анина Байдәулетова бұл шағым бойынша істі 16 шілдеге қалдырды.

Алматы әкімдігі Қуанышбек Қариды Азаттықтың Алматы бюросының шеф-редакторы болып тұрған тұста, 2019 жылы 22 наурызда әкімдікке жедел шақырған. Сол кезде жергілікті билік пен прокуратура Азаттық "саяси оқиғаларды біржақты таратты" деп айыптаған.

  • Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр 19 наурызда президент қызметінен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. 22 наурызда Алматы мен Нұр-Сұлтан және өзге қалаларда наразылық болып, тұрғындар Астана атауын Нұр-Сұлтанға өзгерту, "жасанды билік транзиті" сияқты билік шешіміне наразылық танытқан. Наразылықтан хабар таратуға тырысқан Азаттық тілшілеріне белгісіз топ қысым жасап, жұмысына кедергі келтірген. Бұған дейін халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары биліктен журналистерді қудалауды тоқтатуды талап еткен.
  • Азаттық – Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметі. Мемлекеттік БАҚ-тың жазуына тыйым салынған я билік басылымдары жазғысы келмейтін хабарларды қазақ және орыс тілдерінде тарататын ақпарат құралы.
  • Азат Еуропа/Азаттық радиосы – негізгі кеңесі Чехияның Прага қаласында орналасқан медиа компания. Сөз бостандығы шектелген 22 елде 26 тілде хабар таратады. Медиакорпорация АҚШ Конргесінің грантымен қаржыландырылады. Бюджеті USAGM арқылы бөлінеді.
  • "Настоящее Время" — Азат Еуропа/Азаттық радиосы мен "Америка дауысы" радиосының біріккен жобасы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG