Accessibility links

Израиль премьері Нетаньяхуға қарсы сот процесі екі айлық үзілістен кейін қайта жалғасты


Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.

Жексенбі, 19 шілде күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі екі айлық үзілістен кейін қайта жалғасты.

Сот процесі биыл 24 мамырда басталған. Израиль үкіметінің басшысына "жемқорлық" жасады және "қызметін асыра пайдаланды" деген айып тағылып отыр. Нетаньяхудың өзі тағылған айыпты жоққа шығарып, қылмыстық іс қолдан жасалған деді.

Мамырдағы сот отырысына қарағанда бұл жолы 70 жастағы Нетаньяхудың жеке қатысуы талап етілмейді. Жексенбі күнгі отырыста Иерусалим аудандық соты процестің қалай және қандай жылдамдықпен жүретінін нақтылайды.

DPA агенттігінің жазуынша, прокурорлар алғашқы куәгерлердің сотқа үш-төрт айдың ішінде шақырылуын сұрауы мүмкін. Ал адвокаттар уақытты мейлінше созуға тырысуы ықтимал. Олар мұны дайындық үшін көп уақыт керегімен түсіндіруі мүмкін. 30 маусым күні елдің бас прокуроры Авихай Мандельблит үкімет басшысына шетел азаматынан 3 миллион долларды алуға тыйым салды. Бұл қаражатты Израиль премьеріне АҚШ кәсіпкері Спенсер Патрич бермек болған. Прокурор мұны "заңсыз сыйлық" деп атады. Сот ісінде Нетаньяху онсыз да "заңсыз сыйлық" алды деп айыпталып отыр.

Сот процесі қайта жалғасқан тұста Нетаньяхуда коронавирус пандемиясына қарсы шараларына қарсылық күшейе түсті. Үкімет індеттің бірінші толқынын кері қайтарғандай болған еді, карантин шектеулерін алып тастау аурудың қайта өршуіне әкелді. Тұрғындар Нетаньяху мен оның үкіметі коронавирус дағдарысымен күрестің орнына басқа бағыттарға басымдық беріп отыр деп наразылық білдіріп жатыр.

Кейінгі күндері Израильде вирус жұқтырғандар күн сайын 2 мың адамға артып келеді. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, 9 миллион халқы бар Израильде эпидемия басталғалы 49 мыңнан астам адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған.

Associated Press агенттігінің жазуынша, Израиль үкіметі пандемия жағдайында әлеуметтік көмек ретінде миллиардтаған доллар бөлетінін айтты, бірақ ақша мұқтаж тұрғындарға жетпеді. Ал ел азаматтарын бай-кедей деп бөлмей бәріне бердей төлем жасау туралы жоспарын беделді экономистер сынға алды. Індеттің бірінші және екінші толқындары жұмыссыздықты 3,9 пайыздан 20 пайызға көтеріп жіберді.

Кейінгі күндері израильдіктер көшеге шығып, Нетаньяхуға қарсы наразылық білдіре бастады. Сенбі, 18 шілде күні Нетаньяхудың Иерусалимдегі резиденциясы маңындағы наразыларды тарату үшін оларға су шашты. Тель-Авивте мыңдаған адам пандемиядан зардап шеккен кәсіпорындарға молырақ көмек беруді талап етті.

Израильдің премьер-министрі Нетаньяхуға айып 2019 жылғы қарашада тағылған. Бас прокуратура Нетаньяхуға мен оның отбасы 2007-2016 жылдар аралығында америкалық продюсер Арнон Милчен мен австралиялық бизнесмен Джеймс Пакерден жалпы сомасы 250 мың доллар көлемінде сыйлық қабылдаған деп айыптайды. Нетаньяху тағылған айыпты жоққа шығарады.

Нетаньяху Израиль үкіметін 2009 жылдан басқарып келеді. 2020 жылғы 17 мамырда елдің заң шығарушы органы – кнессет оған сенім білдіріп, өкілетін ұзартқан.

Егер жемқорлық бойынша кінәсі дәлелденсе Нетаньяху он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жаңалық Аssociated Press, DPA және Reuters агенттіктерінің хабары негізінде әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG