2006 жылы Шаңырақ оқиғасына қатысып, сотталған Құрманғазы Өтегенов 7 шілде күні жазған мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтініші сотқа жөнелтілмей отырғанын айтты. Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Өтегенов түрме әкімшілігінің бұл әрекетін "заңсыз" деп атады.
Ол сенімді өкілі құқық қорғаушы Елена Семеноваға хабарласып, өзінің атынан бас прокуратураға шағым түсіріп, тексеру жүргізуді өтінетінін айтты.
Өтегенов қамауда отырған Қостанайдағы УК-161/2 қауіпсіздігі жоғары мекемесінің басшысы Әсет Шәріпов бұған байланысты түсініктеме беруден бас тартты.
Қостанайдағы түрмеге этаппен жеткізілген Құрманғазы Өтегенов 4 шілдеде карантиннен шыққан. Елде коронавирус індетіне байланысты шектеу шаралары күшінде болып тұрған кезде 22 мамырда облыстағы өзге түрмелердегі тұтқындармен бірге Өтегенов Тараздағы қатаң режимді колониядан (ЖД-158/4) Шымкенттегі тергеу изоляторына жеткізілген. Маусым айында Алматыдағы тергеу изоляторына түскен. Ол жерден Қарағандыдағы - тергеу изоляторына, одан әрі Қостанайдағы колонияға жеткізілген.
Бұған дейін Өтегенов Шымкенттегі тергеу изоляторына этаппен жеткізілген тұтқындарды ұрып-соққанын хабарлаған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сол кезде жазбаша сауал жолдауды сұрап, түсініктеме беруден бас тартқан.
Жоғарыда айтылған мекемелердің ешқайсысы да былтыр жазда Павлодардан Таразға этаппен ауыстырылған тұтқынды басқа колонияға ауыстыруға не себеп болғанын түсіндірген жоқ.
Құрманғазы Өтегенов 2006 жылғы 14 шілдеде Алматының шетіндегі Шаңырақ елдімекенінде болған оқиғаға қатысқаны үшін сотталған. Шаңырақта сот "заңсыз салынған" деп таныған баспаналарын сүруге келген билік өкілдеріне жергілікті тұрғындар қарсылық көрсетіп, қақтығыс салдарынан полиция қызметкері қаза болған. Осы оқиғадан кейін төрт адам ұзақ мерзімге сотталған. Олардың екеуі өткен жылы мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шықты. Сот үкімі бойынша 16 жылға бас еркіндігінен айырылған Құрманғазы Өтегеновтің жаза мерзіміне 2013 жылы түрме әкімшілігінің "заңды талабына бағынбағаны" үшін тағы екі жарым жыл қосқан.
Өтегеновтен басқа Шаңырақ оқиғасына қатысқаны үшін 18 жылға сотталған 67 жастағы диссидент ақын Арон Атабек қазір түрмеде отыр. Қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған Атабек мерзімінен босап шығу туралы өтініш беруден бас тартқан.
ПІКІРЛЕР