Accessibility links

Түркіменстан билігі халықтан қабірлер көзге түспейтіндей етіп жерлеуді талап етті


Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін зират. Түркіменстан, шілде айы 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін зират. Түркіменстан, шілде айы 2020 жыл.

Түркіменстанда Лебап облысының билігі тұрғындардан марқұмдардың сүйегін көзге түспейтіндей қылып жерлеуді талап етті. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.

Бұған дейін "АССА" агенттігі спутниктен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Балканабад қаласындағы зиратқа жаңа көмілгендердің көбейгенін жазған еді. Биліктің талабы содан кейін пайда болды.

Журналистер 2018 жылдың наурыз айы мен 2020 жылдың наурызына дейін қалада 524 адам қаза болғанын, ал 25 наурыз бен 16 сәуір аралығында қала маңындағы зиратта 317 марқұмның қабірі пайда болғанын жазды.

Азаттықтың Түркімен қызметінің мәліметіне сәйкес, Лебап облысындағы зираттарда қабірлер саны былтырғымен салыстырғанда 15 есеге көбейген. Билік халықтан қабірлер спутниктен көрінбейтіндей тегістеп жерлеуді талап етіп жатыр. Бұған қоса, тұрғындарға жерлеу рәсіміне баруға және қабір басына белгі қоюға тыйым салынған.

Ақпарат құралдары елде дәрі-дәрмек, ауруханаларда жасанды тыныс алдыру аппараттарының жетіспей жатқанын да хабарлады. Ашғабатқа жақын жердегі инфекциялық ауруханада жасанды тыныс алу аппаратын қолданған науқастан күніне 56 доллар талап еткені туралы ақпарат тараған.

Түркіменстан билігі ресми түрде коронавирус тіркелмегенін айтады, алайда Азаттық тілшілері бұған дейін елдегі ауруханалардың толып кеткенін, пневмония белгісі бар науқастар мен вируспен байланысты адам өлімі көбейгенін жазған.

Өткен аптада Түркіменстанда белсенділер коронавирустан қаза болғандар туралы ресми емес мәлімет жариялайтын сайт жасаған. Ондағы тізімде 60 марқұмның аты-жөні жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG