Александр Лукашенко ең алғаш президент ретінде Конституцияға қолын қойып, ант берген кезде Беларусьте тек заң диктатурасы ғана орнайтынын, заң алдында мектеп оқушысынан бастап президентке дейін бәрі тең болуы керегін айтқан. Жаңадан сайланған мемлекет басшысы осы мәлімдемесінен кейін жыл өтпей жатып елді өз ыңғайына қарай өзгерте бастады. Диктатура орнады, бірақ заң адыра қалды.
"Настоящее время" телеарнасы Александр Лукашенко президент болған 26 жылда өз билігін нығайту үшін қандай амалдарға барғанын еске түсіріп көрді.
Конституцияны қайта жазу
Жаңадан сайланған президент билік қолына тиген алғашқы күннен-ақ заңға қырын қарай бастады. Оның бастамасымен өткен, көп заң мен адам құқығын бұзған үш референдум Александр Лукашенконың құзыретін барынша кеңейтті.
1995 жылғы референдумнан кейін президент "Конституция қатаң немесе жүйелі түрде бұзылған жағдайда" парламентті тарату құқығына ие болды. Бұл референдум орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беріп, ұлттық рәмізді өзгертті. Ақ-қызыл-ақ түсті ту мен "Погоня" елтаңбасының орнын Беларусь ССР-і белгісіне қатты ұқсайтын ту мен елтаңба басты. "Президенттің Ресей Федерациясымен экономикалық интеграцияға бағытталған әрекеттерін қолдау" мәселесі де бүкілхалықтық референдумге шығарылды. Қоғамда Лукашенко осы арқылы ресейліктер арасында бедел жинап, ыңғайлы сәт туғанда Ресей президенті немесе одақтас мемлекеттің басшысы болғысы келеді деген пікірлер айтылды.
ЕАЭО келісіміне қол қою. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.
Жоғарғы кеңес депутаттары референдумға шығарылатын төрт сұрақтың үшеуін бекітуден бас тартып, Лукашенко ұсынған сауалдарға қарсылық білдірді: референдумға бір ай қалғанда олар аштық жариялап, парламент отырысы өтетін залда түнеуге қалды. Бірақ түн ішінде оларды ғимараттан қуып шығып, автозакқа тиеп, Минскінің әр бөлігіне алып кетті. Ал референдум белгіленген уақытында өтті.
Екінші референдум 1996 жылы президент пен парламенттің бұрынғыдан да қайшылықты тіресімен өтті. Лукашенко өлім жазасы, жерді сату және сатып алу, тәуелсіздік мерекесін басқа күнге ауыстырудан бөлек, Конституцияға өзгеріс енгізіп, президентке Конституциялық соттың судьялары мен министрлерді тағайындау және заңмен күші тең декреттер қабылдау құқығын беруді ұсынды. Конституцияны бұзған жағдайда президентті отставкаға жіберуді қарастыратын норманы заңнан алып тастады.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Виктор Гончар референдум қорытындысын бекітуден бас тартты: ол кешкісін өте көп халық дауыс бергенін (18:00-22:00 аралығында сайлаушылардың 20 пайызы дауыс берген, әдетте бұл уақытта сайлау учаскелеріне белорустардың 7-9 пайызы ғана келетін), мерзімінен бұрын дауыс бергендердің үлесі күдік туғызатындай көп болғанын (кей өңірде бұл көрсеткіш 50 пайызға жеткен) және мерзімінен бұрын дауыс беру 9 қарашада басталғанымен, заңға енгізілетін өзгерістердің соңғы мәтіні 21 қарашада бір-ақ жарияланғанын айтты.
Дәл сол күні президент Лукашенконың жарлығымен Гончар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметінен босатылды. Бұл да заңбұзушылық болды, өйткені Орталық сайлау комиссиясының төрағасын тағайындау және орнынан алу парламенттің құзырындағы мәселе еді. Лукашенконың шешіміне наразы болған бірнеше министр мен Конституциялық сот басшысы өз еркімен қызметтен кетті. Бірақ референдум бәрібір өтті, ал Лукашенко кейінірек өзі айтқандай, "патша" құзыретіне ие болды. Беларусь президенттік-парламенттік басқару жүйесіне негізделген мемлекеттен президенттік республикаға айналды.
2004 жылғы референдумда белорустарға "Александр Лукашенкоға президент сайлауына қатысуға бола ма?" деген бір ғана сұрақ қойылды (Конституцияға сәйкес, ол үшінші рет президент бола алмайтын). Бұға қоса референдумда бір адамның президент болып сайлануын шектемейтіндей етіп Конституцияда бекіту мәселесі де қаралды. Беларусь сайлау кодексінде президентті сайлау және оны қызметінен босатуға байланысты сұрақтарды референдумға шығаруға тыйым салынған. Бірақ бұл жолы да референдум өтіп, азаматтардың 87,9 пайызы ұсыныстарды қолдап дауыс бергені ресми түрде хабарланды.
Президент гвардиясы
Лукашенко өзін құқықтық тұрғыдан қорғаумен ғана шектелген жоқ. Ол бірден айналасына өзіне адал күзетшілерді жинауға кірісті. Мемлекет басшысы қызметін 1994 жылы 20 шілдеде бастаған ол сол жылы қазан айында президенттің қауіпсіздік қызметін құрды. Оның құрамына мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) "Альфа" тобы мен ішкі істер министрлігінің мемлекеттік қорғау бас басқармасының жауынгерлері кірді.
1990 жылдардың соңында елде Лукашенконың көпшілікке танымал қарсыластары жоғала бастағанда (бұл туралы келесі бөлімде толығырақ айтылады) "Ажал эскадроны" туралы әңгіме шықты: бұл топқа 1999 жылы Беларусь ішкі істер министрлігінің ішкі әскерінде құрылған жедел әрекет ететін арнаулы жасақ жауынгерлері кіреді деген ақпарат айтылды.
Қолдан сот ұйымдастыратын отрядтар барын президенттің өзі де жанама түрде растаған. Ол бір сөзінде 1990 жылдары "автоматпен қаруланған сенімді адамдарды" "тәртіп орнатуға" жібергенін айтқан. Президент ол сөзінде "мына жолдың бойында – сіздің шекараңыздан Брестке дейінгі" аумақта қылмыстық топтардың көзін жою үшін "радикалды шешім қабылдауға мәжбүр болдым" деген. Лукашенконың бұл туралы "қарсылық танытқан қарақшылардың бәрін сол жерде атып тастады. Осындай үш топтың көзі жойылды. Төртіншісі болған жоқ. Содан бері әлі күнге тыныш өмір сүріп жатырмыз" дегені бар.
2020 жылы президент сайлауына екі айдан аз уақыт қалғанда Лукашенко қару алып жүруге, оны қолдануға құқығы бар жеке күзет компаниясын құру туралы жарлыққа қол қойды. Беларусь елінде бірінші рет жеке компанияға қару мен физикалық күшті кеңінен қолдануға мүмкіндік беріліп отыр.
Минскінің орталығында кісі ұрлау
1999-2000 жылдары Беларусьте бірнеше белгілі саясаткерді ұрлап әкетті. Олардың бәрі кезінде Лукашенкомен бірге жұмыс істеп, кейін онымен көзқарасы үйлеспей, оппозицияға кеткен.
1999 жылы сәуірде 49 жастағы Геннадий Карпенко жұмбақ жағдайда қайтыс болды. 1996 жылы ол Лукашенкоға импичмент жариялау бастамасын көтергендердің бірі болған. Кейін билікке қарсы Ұлттық атқарушы комитетті басқарған. 2001 жылғы сайлауда Лукашенконың қарсыласы болуы ықтимал деп айтылып жүрген еді. Бірақ 1999 жылы 31 наурызда Карпенконы "миына қан құйылған" деген диагнозбен ауруханаға алып кеткен. Оған бір тәулік бойы ешқандай медициналық көмек көрсетпеген. Осыдан кейін оған гематоманы алып тастау мақсатында ота жасаған. Бес күннен кейін Карпенко көз жұмған. Ол бұрын ешқашан денсаулығына шағым айтпаған: туыстары мен оппозиция өкілдері оның өз ажалынан қайтыс болғанына сенбейді. Геннадий Карпенконың жесірі мен балалары биліктің үздіксіз қудалауы мен қысымынан құтылу үшін Германияға кетуге мәжбүр болды. Германия оларға саяси босқын мәртебесін беріп, паналатты.
Бір айдан кейін Карпенконың жақын серіктерінің бірі – Беларусьтің бұрынғы ішкі істер министрі Юрий Захаренко із-түзсіз жоғалып кетті. 1996 жылғы референдумның алдында Захаренко отставкаға жіберіліп, шені төмендетілген: ресми нұсқа бойынша, бұл шешімге министрдің "жұмыста жіберген қателіктері мен қаржыға байланысты заңбұзушылықтары" себеп болған. Бірақ Захаренко Лукашенконың қылмысқа бару туралы бұйрықтарын орындаудан бас тартқанын мәлімдеген. Ол оппозицияға өтіп, Беларусь офицерлері одағын құрды, демократиялық күштер конгресінің ұйымдастырушысы болды. 1999 жылы 7 мамыр күні кешкісін белгісіз адамдар Юрий Захаренконы күшпен көлікке отырғызып, алып кеткен.
Жарты жылдан кейін Минскінің орталығында Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Виктор Гончарды ұрлап әкеткен. 1996 жылғы референдумды мойындаудан бас тартқаннан кейін қызметінен алынған Гончар билік органына балама түрде жұмыс істеген Орталық сайлау комиссиясын басқарып, президент Лукашенконың Беларусь Республикасының заңдарын бұзғанын дәлелдейтін дәйектер жинаумен айналысқан. Ол кейін осы дәлелдер негізінде Лукашенконы биліктен алып тастағысы келген. Виктор Гончар мен оның досы, кәсіпкер Анатолий Красовский 1999 жылы 16 қыркүйек күні кешкісін моншадан қайтып келе жатқанда жоғалып кетті. Кейінірек кісі ұрланған болуы мүмкін делінген жерден көлік айнасының сынықтары мен жоғалған азаматтардың қанының іздері (оны ДНК сараптамасы дәлелдеген) табылған.
2019 жылы желтоқсанда Беларусь ішкі істер министрлігі арнаулы тобының бұрынғы қызметкері Юрий Гаравский Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында 1990 жылдардың соңында Лукашенконың қарсыластары – оппозициялық саясаткерлерді өлтіруге қатысқанын мойындаған. Ол "Гончар мен Красовскийді Витебск облысында арнаулы жасақты құрған подполковник Дмитрий Павличенко атып өлтірді" деп мәлімдеген: бұған жоғарыдағылардың "Гончардың қолында Лукашенконы биліктен алып тастауға 100 пайыз негіз бола алатын компромат барын" айтып, "оның көзін құрту керек" дегені себеп болған.
Журналистерді қудалау
Бұл кезеңде Лукашенконың саяси қарсыластарын ғана емес, журналистерді де ұрлап әкеткен. 2000 жылы шілдеде Минскіде әуежайға барар жолда оператор Дмитрий Завадский жоғалып кетті. Ол 1994 жылдан бері президент пулында болған. Кейін ресейлік ОРТ арнасының тілшісі болып, Павел Шереметпен бірге жұмыс істеген (ол осы оқиғалардан үш жыл бұрын, биліктің пікірінше, "Беларусь Республикасындағы оқиғалар туралы көрінеу бұрмаланған және белорус халқының сезімін қорлайтын ақпараты" мен репортаждары үшін елден қуылған").
Кейіннен Завадскийдің көлігі әуежайдан табылды. 2002 жылы наурызда Завадскийді ұрлап, өлтіргені үшін Беларусь ішкі істер министрлігінің бұрынғы екі офицері 10 жылға бостандығынан айырылды (сотта олардың кінәсі дәлелденбеді). Айыпталушылар кінәсін мойындаған жоқ.
Лукашенко билікке келгеннен кейін елдегі тәуелсіз басылымның жағдайы бірден нашарлай бастады. Беларусьтегі арналардың барлығы – мемлекеттік, олар президентті жақтайды. 1993 жылы болашақ мемлекет басшысы "Президент болсам, мемлекеттік арналардағы толып жатқан өтірікке қарамастан, ешқашан ақпарат құралдарының бостандығын шектемеймін" деп уәде берген еді.
1994 жылы беларусь газеттері "таза бетпен" шықты: бұл жерде депутаттардың бірі дайындаған, президенттің төңірегіндегі жемқорлық туралы баяндама болуы керек еді. Бірақ соңғы сәтте баспаханаларға бұл мақаланы басып шығаруға тыйым салынған.
1997-2004 жылдары оннан астам ірі мемлекеттік емес басылым жабылған. 2005 жылы мемлекеттік тарату жүйесінен мемлекеттік емес 15 республикалық және жергілікті қоғамдық-саяси басылымды алып тастады.
2018 жылы билік БелаПАН, TUT.BY тәуелсіз басылымдарына тінту жүргізіп, бас редакторларды қосқанда, 16 журналисті ұстаған. 10 журналисті үш тәулікке қамап, олардың үйлерін тінтті. Бұған БелТА мемлекеттік агенттігінің ақпарат ұрлау туралы шағымы себеп болған. Іс бойынша жалғыз айыпталушы TUT.BY бас редакторы Марина Золотова болды. Нәтижесінде журналистер айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Құқық қорғаушылар мен халықаралық ақпарат құралдары "БелТА ісінің" саяси астары бар деп санайды.
2018 жылдың желтоқсанынан бастап елде анонимді пікір қалдырып, талқылауға қатысуға заң жүзінде тыйым салынды. Пікір білдіргісі келгендер мобильді телефон арқылы жеке басын растауы керек.
2019 жылы баспасөз бостандығы рейтингінде Беларусь 180 мемлекеттің арасында 153-орында болды.
Белсенділер мен оппозицияны қудалау
Беларусьте саяси белсенділіктің кез келген түрі қуадалауға ұласады. Әсіресе 2006 және 2010 жылдары президент сайлауының ресми қорытындысына келіспеген азаматтарды билік қатал күш қолданып таратты.
Лукашенконың билігі тұсында демонстрацияны қатаң тарату бірінші рет 1996 жылы болды. Ол кезде Минскіде наурыз айында – бірнеше мың адам қатысқан Еркіндік күні, сәуірде Беларусь пен Ресейдің достық туралы келісіміне қарсы шеру өтті. 26 сәуірде 30-60 мың адам "Чернобыльский шлях" акциясына шықты. 200-ге жуық адам ұсталды.
2006 жылы сайлауда болған заңбұзушылықтарға наразы 30 мыңға жуық адам қарсылық акциясына шықты. Сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар Минскінің бас алаңына палаткалар құрды. Төртінші тәулікте милицияның арнайы жасағы (ОМОН) наразыларды күшпен таратты: экскаваторлар палаткаларды сүріп (жиынтығы 35 палатка), ОМОН билікке наразы азаматтарды автозактарға лақтырып салды. 500-ден астам адам тұтқындалды, акцияға қатысқан ондаған адам зардап шекті.
Беларусь президенті сайлауының соңы жаппай наразылыққа ұласты. Минск, 19 желтоқсан 2010 жыл.
2010 жылы әртүрлі дерек бойынша, 30 мыңнан 50 мыңға дейін адам Лукашенконы қатыстырмай сайлауды қайта өткізуді талап еткен. Бірақ күш құрылымдары наразыларды күшпен таратып, жүздеген адамды, оның ішінде президенттікке үміткер жеті кандидатты ұстады. Бір кештің өзінде 780 адам түрмеге түскен.
2011 жылы бүкіл Беларусь аумағында "үнсіз қарсылық акциялары" өтті. Биліктің әрекетіне наразы азаматтар көшелер мен қаладағы алаңдарға шығып, ұран, үндеу мен талап айтпай, шапалақ соғып қана үнсіз қарсылық білдірді. Мұндай акциялар жаз бойы апта сайын өтіп отырды. Наразылықты ұйымдастыру жұмыстары Facebook және "Вконтакте" әлеуметтік желілерінде жүргендіктен, акция "Әлеуметтік желі арқылы жасалған революция" деген атқа ие болды. Бірінші акция бейбіт өтті, бірақ қалған наразылық шараларының қатысушыларын билік дөрекі түрде ұстай бастады. Мысалы, 3 шілде, мемлекеттік тәуелсіздік күні екіқабат әйелді ұстап, автозакқа салған. Оның күйеуін "бір тәулік" қамауда ұстаған. Ал жүкті әйел наразылық акциясынан кейін түсік тастаған.
Осы кезде бірінші рет Беларусьте көшедегі бейбіт тұрғындарды формасыз, қарапайым киімдегі адамдар себебін түсіндірместен ұстай бастады. "Бейбіт жиындардан" кейін елде мұндай "дәстүр" сақталып қалды.
Лукашенко "үнсіз" наразылық акциялары туралы пікір білдіріп, мемлекеттің "заңдар мен Конституцияны бұзған адамдарды орнына қоюға қажет ресурсы мен күші барын" мәлімдеді. Ол "Аяқпен, шапалақпен, мөңіреумен, ырылдаумен алаңдар мен көшелерде мәселе шеше алмайсың. Бастысы – ақша таппайсың. Алаңдарда ырылдап, мөңіреп тұрғандарды көрдік. Бұл кедей адамдар емес, сонда оларға не керек? Елде хаос пен тәртіпсіздік болғанын көксейді. Біз бұған жол бере алмаймыз" деген.
2011 жылы бүкіл Беларусь аумағында "үнсіз қарсылық акциялары" өтті. Биліктің әрекетіне наразы азаматтар көшелер мен қаладағы алаңдарға шығып, ұран, үндеу мен талап айтпай, шапалақ соғып қана үнсіз қарсылық білдірді. Мұндай акциялар жаз бойы апта сайын өтіп отырды. Наразылықты ұйымдастыру жұмыстары Facebook және "Вконтакте" әлеуметтік желілерінде жүргендіктен, акция "Әлеуметтік желі арқылы жасалған революция" деген атқа ие болды. Бірінші акция бейбіт өтті, бірақ қалған наразылық шараларының қатысушыларын билік дөрекі түрде ұстай бастады. Мысалы, 3 шілде, мемлекеттік тәуелсіздік күні екіқабат әйелді ұстап, автозакқа салған. Оның күйеуін "бір тәулік" қамауда ұстаған. Ал жүкті әйел наразылық акциясынан кейін түсік тастаған.
Осы кезде бірінші рет Беларусьте көшедегі бейбіт тұрғындарды формасыз, қарапайым киімдегі адамдар себебін түсіндірместен ұстай бастады. "Бейбіт жиындардан" кейін елде мұндай "дәстүр" сақталып қалды.
Лукашенко "үнсіз" наразылық акциялары туралы пікір білдіріп, мемлекеттің "заңдар мен Конституцияны бұзған адамдарды орнына қоюға қажет ресурсы мен күші барын" мәлімдеді. Ол "Аяқпен, шапалақпен, мөңіреумен, ырылдаумен алаңдар мен көшелерде мәселе шеше алмайсың. Бастысы – ақша таппайсың. Алаңдарда ырылдап, мөңіреп тұрғандарды көрдік. Бұл кедей адамдар емес, сонда оларға не керек? Елде хаос пен тәртіпсіздік болғанын көксейді. Біз бұған жол бере алмаймыз" деген.
2016 жылдың соңынан бастап салық инспекциясы "жатыпішер салығы" деп аталатын төлем жинай бастады: президенттің арнаулы декретіне 400 мыңнан астам адам іліккен. Декрет оларға барлық коммуналдық төлемді мемлекеттік субсидиясыз төлеуге міндеттейді. Жұмыссыздар да 180 доллар көлемінде жинақ төлем өткізуі керек. 2017 жылы ақпанда Минск пен Беларусьтің басқа қалаларында "Жатыпішер еместер шеруі" атты наразылық шарасы өте бастады. Бір жыл ішінде 12 қалада 20 наразылық акциясы өткен. Билік кемінде 200 адамды ұстаған.
Беларусь елінде алтыншы рет өткелі отырған президент сайлауына бір ай қалғанда түрмеде 25 саяси тұтқын отырған. Олардың арасында блогерлер, президенттікке кандидат бола алатын белгілі тұлғалар мен бейбіт акцияларға қатысқаны үшін қамалған қарапайым азжаматтар бар.
ПІКІРЛЕР