Accessibility links

Бейруттағы жарылыс: Қаза болғандар артты, порт басшылығы қамауға алынды


Бейрут қаласы жарылыстан соң, Ливан. 5 тамыз 2020 жыл.
Бейрут қаласы жарылыстан соң, Ливан. 5 тамыз 2020 жыл.

Бейрут портындағы ірі жарылыстан кейін іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, кемінде 135 адам қаза болған, шамамен 5 мың адам жарақаттанған. 250 мың адам баспанасыз қалған. Биліктің айтуынша, қаза болғандар саны артуы мүмкін. Жарылыстан кейін ондаған адам із-түзсіз жоғалған. Құтқарушылар оларды үйінділер астынан іздеп жатыр.

Ливандық LBCI басылымының жазуынша, үкімет жарылысқа кінәлілер табылғанға дейін порт басшылығын үйқамаққа алған. Ішкі істер министрлігі тергеуді бес күн ішінде аяқтауға уәде берді.

Associated Press агенттігінің жазуынша, тергеушілер мән-жайды анықтау үшін жарылыс болған аумақты зерттей бастаған. AP мәліметінше, Ливанға гуманитарлық көмектің алғашқы легі де жеткен. Елді экономикалық дағдарыс жайлап, қоғам наразылығы өрістеген тұста билік жарылыстың салдарымен күресуге тырысып жатыр.

4 тамызда Бейруттағы портта екі ірі жарылыс болып, жарылыс болған жерден он шақырымға дейінгі аумақтағы ғимараттар бүлініп, қираған. Көшелер ғимарат бөлшектері мен қалдықтарға толған, көліктер аударылған. Жарылыс толқынын Бейруттан 240 шақырым жердегі Кипр тұрғындары сезген.

Шамамен 300 мың тұрғын баспанасыз қалған, жарылыс шығыны кемінде 3 млрд доллар болады деп жатыр. Жарылыстың кесірінен астық қоймасы қатты бүлінген: қаладағы астықтың 85 пайызы жарылыс кезінде қираған элеваторларда сақталған болатын.

Бұған дейін Ливан билігі жарылысқа қоймада сақталған 2 750 тонна аммиак селитрасы себеп болды деп мәлімдеген еді. Оны 2014 жылы кеден қызметі Rhosus кемесінен тәркілеп алған. Молдова туы ілінген кеме Хабаровскіде туған кипрлік Игорь Гречушкин есімді азаматқа тиесілі болған. Ол селитраны Грузиядан Мозамбикке жеткізбек болып, жолшыбай техникалық ақауға байланысты Бейрутқа тоқтаған. Кейінірек кеме басшысы жүктен бас тартып, кеме экипажының бірнеше жыл Ливанда тұруына тура келген: теңізшілер жақында ғана елдеріне оралған.

Болжам бойынша, селитра сақталған қоймада жүргізілген дәнекерлеу жұмыстары жарылысқа себеп болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG