Accessibility links

Арон Атабектің қапаста өткізген 14 жылдағы алғашқы өтініші


Шаңырақ ауылындағы қақтығыстан кейін Арон Атабек 18 жылға сотталған Арон Атабек сот залында. Алматы, 2007 жылдың қазаны.
Шаңырақ ауылындағы қақтығыстан кейін Арон Атабек 18 жылға сотталған Арон Атабек сот залында. Алматы, 2007 жылдың қазаны.

Түрмеде отырғанына 15 жыл болған ақын әрі диссидент Арон Атабектің жағдайы туралы ақпарат қайшылыққа толы. Түрме әкімшілігі тұтқынның "дені сау" деп сендіруге тырысады, бірақ құқық қорғаушылар бұл мәлімдемені "бас қатыру" деп атап, билікті Атабекті босатуға үндеді.

"АЙТАРЛЫҚТАЙ АУРУЫМ ЖОҚ, БІРАҚ ҚОЛЫМ ҚИМЫЛДАН ҚАЛЫП БАРАДЫ"

Айдана Айдархан әкесі түрмеге түскенде әлі бала болған. Қазір ол – 28 жаста. Айдана әкесін соңғы рет 14 жыл бұрын көрген. 2006 жылы билік Алматының іргесіндегі Шаңырақ ауылының тұрғындары "жерді рұқсатсыз иеленді" деп тауып, олардың үйін сүрмек болғанда, жергілікті халық қарсылық көрсеткен. Шаңырақ тұрғындарын қорғаған Арон Атабек 18 жылға бас бостандығынан айырылған. Оған "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" және "жас полиция қызметкерін өлтіруге қатысты" деген айып тағылып, туған жерінен жүздеген километр жердегі колонияға жіберген.

Арон Атабек әйелі мен қызына түрмеге келуге тыйым салған. Олардың тінту кезінде қорлық көргенін қаламайтынын, жақындарын пайдалану арқылы түрмеде өзіне қысым жасауға жол бергісі келмейтінін айтқан.

Көп жыл бойы отбасына қапастан сирек хаттар келіп тұрғанымен, олар тұтқынмен не кездесіп, не телефон арқылы сөйлеспеген.

Түрмедегі ақын әрі диссидент Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан Абай ескерткішінің алдында әкесінің өлеңін оқып, билікті тұтқынды босатуға үндеп тұр. Алматы, 14 шілде 2019 жыл.
Түрмедегі ақын әрі диссидент Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан Абай ескерткішінің алдында әкесінің өлеңін оқып, билікті тұтқынды босатуға үндеп тұр. Алматы, 14 шілде 2019 жыл.

31 шілдеде Айдана Айдархан қаншама жылдан бері әкесінің дауысын алғаш рет естіген. Айданаға Павлодардағы уақытша тергеу изоляторының (Арон Атабек соңғы алты жылдан бері сол жерде отыр) бастығы хабарласып, тұтқаны тұтқынға берген.

Айдана Айдархан Facebook парақшасына әкесінің: "Айтарлықтай ауырып жүрген жоқпын, тек қолым қимылдан қалып барады... Саусақтарым бүгілмейді, қолым көтертпейді. Жаза аламын, тамақ іше аламын. Қаламсап пен қасық ұстаймын, басқа ештеңе көтере алмаймын. Бастыққа да айттым, сендерден де қолыма байланысты мүгедектік санатына тіркетіп беруді сұраймын. Құқық қорғаушыларға осы хабарды жеткіз" деген сәлемін жариялап, Арон Атабектің тұтқында отырған уақыт ішінде бірінші рет өтініш айтқанын жазды.

Бұл әңгіме қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Атабектің жағдайына алаңдап, дабыл қаққаннан кейін болған. "Ар.Рух.Хақ" ұйымының жетекшісі 30 шілдеде Facebook парақшасына анонимді дерек көздерінен Атабектің ауырып қалғаны жөнінде ақпарат алғанын, елде коронавирус індеті өршіп тұрғанда бұл хабардың шын болуы мүмкін екенін жазды. Айдана Айдархан сол күні түрмеден ақпарат алуға қанша тырысқанымен, еш нәтиже шығара алмады. Ертеңіне Айдананың телефонына түрмеден қоңырау шалған.

Шаңырақ оқиғасы: қалай болды және немен бітті

2006 жылы 14 шілдеде Алматының іргесіндегі Шаңырақ елдімекенінің тұрғындары "жерді рұқсатсыз иеленіп алдыңдар" деп, үйлерін сүру үшін полиция апарған билікке қарсылық көрсетті. Қақтығыс кезінде үстіне өртелген 24 жастағы полиция қызметкері көз жұмды.

Билік оның өліміне бірнеше тұрғын мен сол күні Шаңырақта болған ақын әрі диссидент Арон Атабекті кінәлі деп тапты. Арон Атабекті – 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновты – 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті – 15 жылға, Рүстем Тұяқовты – 14 жылға соттады. Соңғы аталған екі азамат 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. 2013 жылы Өтегеновтың жазасына түрме әкімшілігі қызметкерлерінің "заңды талабына бағынбау" айыбы бойынша тағы екі жарым жыл қосылған.

Арон Атабек жылдар бойы жазасын тұтқындалғанға дейін тұрып келген Алматы қаласынан алыс орналасқан түрмелерде өтеді. 2014 жылдың сәуірінен бастап ол Павлодардың уақытша тергеу изоляторында отырды. Атабек ол жерге Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониядан этаппен жіберілген. Оны екі рет Қостанай облысы Арқалық қаласындағы "жабық" түрмеге салып жазалаған. Бұл – өмір бойына бостандығынан айырылған азаматтар жазасын өтейтін, "түрме ішіндегі түрме" іспетті мекеме.

2021 жылы күзде денсаулығына байланысты босатылған диссидент, ақын Арон Атабек түрмеден шыққаннан кейін көп ұзамай ауруханада қайтыс болды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті.

"ДЕНІ САУ" VS "ҚАТТЫ АУЫРЫП ҚАЛҒАНҒА ҰҚСАЙДЫ"

Бақытжан Төреғожина Атабек пен қызының әңгімесінен кейін "тұтқынның коронавируспен ауырмағанына, көтерілген шудан кейін биліктің қоғам мен диссидент отбасының алдында оның денсаулық жағдайы туралы есеп беруге мәжбүр болғанына қуанышты екенін жасырмады. Бірақ түрме басшылығының "Атабектің дені сау" деген мәлімдемесіне Төреғожинаның көңілі толмайды (қылмыстық-атқару жүйесі департаменті құқық қорғаушы жариялаған жазбаның астына пікір қалдырып, "тұтқынның жағдайы қанағаттанарлық" деп жауап берген).

– Ол [Арон Атабек] қызымен сөйлескенде тұспалдап жеткізген. Сондықтан оның "Жағдайым жақсы" деп, артынша қызынан "Ұқтың ба?" деп сұрағанын керісінше түсіну керек. Әрине, уақытша тергеу изоляторы бастығының көзінше шағына алмайды. Бастықтан қорыққанынан емес, намысшыл болғанынан, түрме басшылығының алдында әлсіз көрінгісі келмегенінен осылай жасайды. Бірақ ол қолы көтерілмейтінін ашып айтып, өзін мүгедектігі бар азамат ретінде тіркеуді сұраса, денсаулығы шынымен нашар болғаны. Павлодар облысының түрме басшылығы Атабектің "дені сау" деп басымызды қатырмасын, – дейді құқық қорғаушы Төреғожина.

Уақытша тергеу изоляторының басшысы Әділхан Қабышев Төреғожинаның қоғамдық резонанс туғызған жазбасынан кейін тұтқынның жағдайын білу үшін уақытша тергеу изоляторына барған омбудсмен өкілі мен адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның Павлодардағы бөлімшесінің қызметкерлеріне Атабектің "дені сау" деп айтқан.

Дүйсенбі, 3 тамызда Азаттық тілшісі Қабышевпен телефон арқылы сөйлесіп, тұтқынның денсаулығы жайлы нақты ақпарат беруді сұрады. Бірақ ол пікір беруге құзыреті жоғын айтып, сөйлесуден бас тартты.

Тұтқындар құқығын қорғаумен танылған, өткен жылдары (коронавирус пандемиясы мен карантинге дейін) Арон Атабекпен кездесуге барып жүрген павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова оны бір де бір рет не Павлодардағы, не Семейдегі санитарлық қалашыққа апармағанын, тексерістен өткізіп, емдемегенін айтады.

Павлодардың тергеу изоляторында отырған Арон Атабек (оң жақта) пен онымен кездесуге барған құқық қорғаушы Елена Семенова. 26 шілде 2019 жыл.
Павлодардың тергеу изоляторында отырған Арон Атабек (оң жақта) пен онымен кездесуге барған құқық қорғаушы Елена Семенова. 26 шілде 2019 жыл.

– Буынның бүгілмеуі – түрме жағдайындағы "жаман нышан". Өйткені кез келген адам, әсіресе қарт кісі сонша жылдан бері іші сыз, суық түрмеде отырса басқаша болуы мүмкін де емес. Қазір оның жағдайы жақсырақ. Ал бұрын суық бетонның үстінде ұйықтаған, қыста терезесі сынған, сырттан хлор шашылған камераларда отырған кездері де болды. Бірақ уақыт адамды бәрібір қажытады, бұрын тепсе темір үзетін, денсаулығы мықты азамат қазір қатты ауырып қалғанға ұқсайды, – дейді Елена Семенова.

"ТӨРТ ЖЫЛ ҚАЛДЫ..."

Сот 18 жылға түрмеге қамауға үкім еткен Арон Атабек жазасының 14 жылын өтеген. Ол мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш бере алады, бірақ Атабек өзін кінәлі санамайтындықтан бұл мүмкіндіктен бас тартып отыр.

Жақында адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро өкілі Арон Атабекке барып келді. Осыдан кейін 1 тамыз күні бюро сайтында Павлодардағы уақытша тергеу изоляторының камерасында түсірілген сурет пен мақала жарияланды. Суретте Атабек сұр түсті жұмысшы киімінде отыр, тұтқынның артында темір төсек пен бос қабырға көрінеді. Сайттағы ақпарат "Төрт жыл қалды..." деген тақырыппен жарияланды.

– Тұтқынды уақыт пен жағдай жүдетіп жібергендей көрінгенімен, шын мәнінде оған адамгершіліктен жұрдай билік қатыгездік танытты. Маусымда әкемнің туған ағасы Рашид өмірден озды. Әкем саяси қызметін ағасымен бірге бастаған. Жақында әкемнің ескі досы, режиссер, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы туралы қазір аты аталып, талқылана бермейтін "Аллажар" фильмінің авторы Қалдыбай Әбенов [режиссердің пікірінше, фильмнің көп аталмауына Нұрсұлтан Назарбаевтың образын жақсы көрсетпеуі себеп болған] қайтыс болды. 14 жылда Аронның көп замандасы оның бостандыққа шыққанын көрмей дүние салды. Шынымды айтсам, мұндай билік тұрғанда әкемді бостандықта көретініме сенбеймін. Сондықтан қазір әкем туралы көбірек айтуды борышым деп санаймын. Ол түрмеде отырып-ақ деспотизмге қарсы күресімен елде өзгеріс болғанын сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде қалайтындардың бәріне үлгі бола алады, – дейді Айдана Айдархан.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен АҚШ мемлекеттік департаменті өз материалдарында Қазақстандағы саяси тұтқындар тақырыбын жиі көтеріп, әр жолы Арон Атабектің есімін атайды. Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі былтырғы резолюциясы Арон Атабек пен "қазір түрмеде отырған барлық белсендіні және саяси тұтқынды босатуға" үндеген. Қазақстан билігі елде саяси тұтқын жоғын айтады.

Жасын, денсаулығын, жазасының көп бөлігін өтегенін ескеріп, билік өз бастамасымен Атабектің ісін сотта қарап, оны босату мәселесін шешуі керек.

Бақытжан Төреғожинаның пікірінше, 69 жастағы белгілі құқық қорғаушы Азимжан Асқаровтың Қырғызстан түрмесінде "пневмониядан" қайтыс болғанын (Human Rights Watch халықаралық ұйымы оның өліміне Бішкекті кінәлады. Ал БҰҰ құқық қорғаушының өлімі бойынша жіті зерттеу жүргізуді талап етті) және Орталық Азияда коронавирус инфекциясының кең тарала бастағанын ескерсек, 67 жастағы Арон Атабектің жағдайына алаңдамасқа болмайды. Өйткені тұтқындар, әсіресе жабық мекемелерде отырған қарт азаматтар пандемия алдында қауқарсыз.

– Оның жасын, денсаулық жағдайын, берілген жазасының көп бөлігін өтегенін ескеріп, билік өз бастамасымен Атабектің ісін сотта қарап, оны босату мәселесін шешуі керек деп ойлаймын. Билік түрме-авторитарлық позициясына сүйеніп, оны босатпай отырғанда, қазақстандық омбудсмен [Эльвира] Азимова гуманистік тұрғыдан ақын әрі диссидент, ар-ождан тұтқыны Арон Атабекті босату туралы нақты пікірін айтуы керек, – дейді Төреғожина.

Диссиденттің қызы Айдана Айдархан жақында өзі танымайтын белсенділердің "Арон Атабек Бостандық" деген бастамашыл топ құрғанын білген. Олар Арон Атабекті босату үшін азаматтық алаңда мақсатты түрде жұмыс істеп жатыр. Айдана Айдархан әкесінің тезірек босап шығуына тілектестік білдіріп, қолдау көрсеткен хаттарды жиі алатынын, мұның бәрі жүрегіне үміт отын жағатынын айтады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG