6 тамызда Көкшетау қаласының тұрғыны Нұрила Исакова Нұр-Сұлтан қаласында бас прокуратура алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп, жер учаскесін қайтып алуға көмек талап етті.
43 жастағы жалғызбасты әйелдің сөзінше, отыз жылдан бері Көкшетаудағы өзі тұрып жатқан жер үйін рәсімдей алмай жүр. Осыншама уақыт салығын төлеп, қаншама қаражат салғанымен сатып алу-сату келісімінің дұрыс рәсімделмеуі салдарынан баспанасыз қалу қаупі бар екенін айтады.
Көкшетау тұрғыны үйін рәсімдей алмай жүргенін "жергілікті органдардағы жемқорлықтан" көреді. Аздан соң пикетке шыққан әйелге бірнеше полицей мен қарапайым киінген адамдар келіп, оны видеоға түсіре бастады. Өзін бас прокуратура өкілімін деп таныстырған адам ішке кіруін өтініп, қолындағы плакатын полицейлер жинап алды.
Нұрила Искакованы бас прокурор көмекшісі Жаңалық Еламанов қабылдап, оған бас прокурор атына арыз жазуға кеңес берді.
- Мен осы уақытқа дейін бес жүзден астам арыз жазған шығармын. Барлық жерде мені жәй сөзбен шығарып салады. Мен заңгер емеспін. Сізді бірінші рет көріп тұрмын. Егер менің талабым орындалмаса, мына баламды аламын да барлық жер учаскесін жағып жіберемін. Бұл – шантаж емес. Неге маған ешкім көмектеспейді? – деді ол жылап.
Бас прокурор көмекшісі Жаңалық Еламанов Азаттыққа Исакованың арызын 15 күні ішінде қарап жауабын беретінін айтты. Сөзінше, бас прокуратура алдына пикетке шыққан әйел ешқандай жауапқа тартылмайды.
ПІКІРЛЕР