Жұма, 7 тамыз күні Минск полициясы "Настоящее время" арнасының үш журналисі - Ирина Ромалийскаяны, Юрий Баранюкті және Иван Гребенюкті ұстап әкеткен. Ромалийская мен Гребенюк Украина – азаматтары, Баранюк – Ресей азаматы.
Ұсталған журналистердің телефондары өшірулі болған. Алайда жұманың кешінде (Қазақстан уақыты бойынша түн ортасында) Ромалийская Facebook желісінде үш журналистің әуе рейсі арқылы Одессаға депортацияланатынын жазды. Оларға Беларуське кіруге тыйым салынған. Тілшінің сөзінше, депортацияға журналистердің 6 тамыз күні Минскіден тікелей эфирге шығуы себеп болған.
Бұл мәліметті ұсталған журналистердің бірі Иван Гребенюк растап отыр.
Әзірге белгілі ақпаратқа сәйкес, журналистің ұсталуы олардың аккредитациясымен байланысты. Осыған байланысты Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясы президентінің міндетін уақытша атқарып отырған Дейзи Синделар мынадай мәлімдеме жасады:
"Настоящее время" арнасының ұсталған журналистері Беларусь Республикасы президентінің сайлауынан хабар тарату бойынша өз жұмыстарын кәсіби атқарған. "Настоящее время" арнасы президент сайлауы алдында өз журналистері үшін аккредитацияны уақтылы сұраған, бірақ ол берілмеді. Беларусь Республикасы билігінің біздің журналистерді уақтылы аккредитацияламауы – еркін баспасөз құқығына мен Беларусь азаматтарының цензурасыз ақпаратқа деген құқығына салғырт қараудың тағы бір мысалы. Біз журналистеріміздің ұсталғанына наразымыз және биліктен журналистердің кәсіби қызметін атқаруға деген бүкіл әлемде мойындалған құқығының сақталуын талап етеміз".
- "Настоящее время" арнасы бірнеше апта бойы Беларусь президентінің сайлауы жөнінде хабар таратып келеді. Арна тілшілері 6 тамыз күні президенттікке үміткер Светлана Тихановскаяның үзілген митингісінен төрт сағаттық тікелей эфир жүргізген. Тек әлеуметтік желілердің өзінде эфир жарты миллионнан астам көрілген.
- Ирина Ромалийская – "Настоящее время" арнасы "Вечер" бағдарламасының жүргізушісі. Иван Гребенюк – "Настоящее время" арнасында Прагадан жұмыс істейтін украиналық журналист. Юрий Баранюк – "Настоящее время" Санкт-Петербургтегі тілшісі.
ПІКІРЛЕР