Accessibility links

Қазақстанда бір күнде 872 адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны анықталды


Қорғаныс киімін киген мамандар қоғамдық орындарды залалсыздандырып жүр. Алматы, Қазақстан. Көрнекі сурет.
Коронавирус пандемиясы кезінде ботаникалық бақтағы қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап жүрген полицейлер. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.
Қорғаныс киімін киген мамандар қоғамдық орындарды залалсыздандырып жүр. Алматы, Қазақстан. Көрнекі сурет. Коронавирус пандемиясы кезінде ботаникалық бақтағы қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап жүрген полицейлер. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.

Кеше, 8 тамыз күні Қазақстанда 872 адамның коронавирус жұқтырғаны расталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Биліктің ресми тәуліктік көрсеткіші 900-ден төмен болғаны соңғы рет 14 маусымда тіркелген. Сол уақыттан бері тәулік саны күн сайын артып, 8 шілде күні шарықтау шегіне жетті. Ол күні 1962 жағдай тіркелген. Содан бері көрсеткіш біртіндеп азайып келеді. Дегенмен ресми дерекке күдік келтіретіндер көп.

Коронавирус жұқтырғаны кеше расталған 444 науқаста ауру белгілері байқалып, 428 адам Covid симптомдары болмаған. Бір тәулікте коронавирустан 664 адам жазылып шыққан.

Ресми статистикаға сәйкес, эпидемия басталғалы Қазақстанда барлығы 98 701 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 72 273-і жазылған, 1218-і қайтыс болған.

Қазақстан үкіметі 2 тамыздан бастап белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын, бірақ ПТР тестімен расталмаған пневмония жағдайларын жариялап отыр. Бірақ уәде етілгендей коронавирус статистикасына біріктірілген жоқ, бөлек жарияланып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 1-7 тамыз аралығында 12 110 адамның пневмонияға шалдыққаны расталған, 137 адам қайтыс болған.

Ел билігі Covid пен коронавирустық пневмонияға бөлек санағанымен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екі санды біріктіріп беріп отыр.

Қазақстанда 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында 256 адам пневмонияға шалдыққан. Бұл – өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,3 есе көп көрсеткіш. Былтыр осы уақыт аралығында пневмониядан 2333 адам қайтыс болса, биыл 4042 адам қайтыс болған. Бірақ бұл сандар коронавирус статистикасына қосылмады.

Covid дерегіне коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам да кірмей қалған.

Ресми көрсеткіштің төмен болуы тест саны мен халықтың тестімен қамтылуына да байланысты болуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі маусымда айында тест саны тәулігіне 28 мыңға жеткенін, келесі айларда 35 мыңға жеткізетінін айтқан. Алайда кейінгі аптаның орташа тәуліктік көрсеткіші 15 мың тест шамасында қалып отыр. Сондай-ақ, қазір ПТР тесті негізінен ауру белгілері байқалған адамдардан алынады. Сол себепті қазір вирус жұқтырғандардың тәулік көрсеткішінде симптомды науқастар саны симптомсыз науқастар санынан көп. Маусым айында ауру белгісі жоқ адамдар саны ауру белгісі бар науқастар санынан екі есеге жуық артық болып отырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG