Қазақстанда індет кезінде коронавирус жұқтырған 8,5 мың медицина қызметкерінің 500-і 2 млн теңгеден өтемақыны алған. Бұл туралы бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова жұма күнгі брифинг кезінде айтты.
– 13 тамыз күнгі мәлімет бойынша, 500 медицина қызметкеріне 2 млн теңгеден өтемақы төленді. Комиссия тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Құжаттар қаралып жатыр, – деді ол.
Оның сөзіне қарағанда өтемақы төлеу бойынша тізімді аймақтық комиссиялар құрастырады. Бас санитар дәрігер дегенмен нақты қанша дәрігердің өтемақы төлеу туралы өтініші қанағаттандырылмағанын айтқан жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігінің 3 тамыз күнгі ресми мәліметіне сүйенген Vlast сайтының жазуынша, Қазақстанда індет кезінде 8 518 медицина қызметкеріне вирус жұққан. Бұл сол кездегі мәлімет бойынша коронавирус жұқтырғандардың 9,1 пайызына тең. Елде заңға сәйкес, коронавирусты жұмыста жұқтырғаны дәлелденген медицина қызметкерлері ғана өтемақы ала алады. Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырған дәрігерлердің көбіне коронавирус отбасы немесе таныстарынан жұққанын айтқан еді.
21 шілдеде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой "республика бойынша 123 дәрігердің коронавирусты жұмыста жұқтырғаны анықталды, кәсіби міндетін атқару барысында 59 медицина қызметкері коронавирус жұқтырып, қайтыс болған" деп мәлімдеген еді.
Көктем және жаз айларында кейбір аймақтарда медицина қызметкерлері "вирус жұқтырғандарды емдесек те, өтемақы алатындардың тізіміне ілінбедік" деп шағымданған болатын.
ПІКІРЛЕР