Беларусьтегі президент сайлауына қатысқан оппозиция кандидаты Светлана Тихановская Еуропа кеңесіне мәлімдеме жасап, Беларусьтегі президент сайлауының қорытындысын мойындамауға шақырды. Ағылшын тілінде жазылған видеомәлімдеме Youtube-тегі "Страна для жизни" арнасында жарияланды.
Тихановскаяның айтуынша, 9 тамыз күнгі президент сайлауы ашық, әділ өткен жоқ, оның қорытындысы бұрмаланған. Ал дауысын қорғауға тырысқан халықты билік аяусыз ұрып-соғып, түрмеде азаптаған.
"Жүздеген адам жарақаттанды, кемінде екі адам қаза болды. Мұндай жағдай дәл қазір Еуропа төрінде болып отыр. Сіздерді әділетсіз сайлауды мойындамауға шақырамын. Лукашенко халық алдында, бүкіл әлем алдында өкілетін жоғалтып алды" деді Тихановская.
Ол сонымен бірге елдегі билікті бейбіт түрде ауыстыру үшін үйлестіру кеңесін құрғанын, елде халықаралық бақылаушылардың қатысуымен демократия стандарттарына сәйкес келетін сайлау өтуі тиіс екенін айтты.
"Мен сіздерді Беларусьтің оянуын қолдауға шақырамын. Барлық мемлекеттерді халықаралық құқық принциптерін құрметтеуге үндеймін. Беларусь егемендігі мен беларусь халқының таңдауын құрметтеуге шақырамын" деді Тихановская мәлімдемеде.
Оқи отырыңыз: Беларусьте "билікті ауыстыру" бойынша кеңес құрылды, Лукашенко "билікті басып алуға талпынып жатыр" деп айыптады
19 тамызда Еуропа кеңесі Беларусьтегі жағдайға байланысты кезектен тыс видеосаммит өткізеді.
Бұған дейін Ұлыбритания, Канада, Ирландия, Латвия, Литва, Эстония және Еуроодақтың 27 елінің сыртқы істер министрлері Беларусьтегі сайлаудың қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР