Семей қаласындағы Холодный ключ кентінің ондаған тұрғыны жиналыс өткізіп, оған қала әкімін шақырды. Тұрғындар әкімнен су құбырын жүргізіп беруді талап етті.
Қазір бес мың тұрғыны бар кенттегі ауыз судың жалғыз көзі – 30 жыл бұрын орнатылған су колонкасы. Көбі не суды қаладан тасиды не құдықтан алған тұзды суды ішуге мәжбүр.
Жиналысқа Холодный ключ тұрғындарының кенттегі мәселелерді тізе отырып әкімдікке хат жазуы түрткі болған.
— Біздегі басты мәселе — су. Суымыз тұзды. Жарық жоқ, көпірдің үсті қараңғы. Жақында ол жерде бір кішкентай осы үшін қыз қайтыс болды. Дәріхана жоқ, жанымыздағы зират қоршалмаған, ол жерге мал жайылып жүр, — деді Семей әкімі Ермак Сәлімовпен кездесуге келген кент тұрғыны.
Тұрғындардың сөзінше, 2012 жылы әкімдіктен хат келіп, онда аймақтық «Ақ Бұлақ» бағдарламасы бойынша су құбыры желілерін жөндеу жұмыстары жөніндегі жоба-смета құжатының әзірленіп жатқаны айтылған.
Тұрғындардың уәжін тыңдаған Ермак Сәлімов әкімдіктің жуық арада тұрғындар кенттегі колонканы жөндеуден өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Сәлімов әкімдіктің қаланы дамытудың 2017-2031 жылдарға арналған жоспары бойынша жұмыс істеп жатқанын, қала маңындағы мәселелерді шешу «оңай еместігін» айтты. Әкімнің сөзінше, кентке су құбыры келесі жылы жүргізілуі тиіс.
— [Сумен қамту] жобасының құны 900 миллион теңге шамасында (2,1 миллион доллар). [Жоба] қазір сараптамадан өтіп жатыр. 25 тамыз күні сараптамадан шығуы тиіс. Жобаның бары және оның сараптаға кіргені маңызды. Жобадан сараптамадан ала сала жұмыс жүргізуге конкурс жариялаймыз. Ақша қала бюджетінде резервке қойылған. Жұмыстар келесі жылдың күзінде бітеді деп күтіп отырмыз, — деді Сәлімов.
Әкім жарық мәселесін Семейдегі жаңалаудан кейін қалып қойған ескі жарық жабдықтарды кентке орнату арқылы жартылай шешуге болатынын айтты. Шенеунік кентте орталық қазандық салынбайды деді.
Сәлімов тұрғындарды әкімдікпен жұмыс істейтін бастамашыл топ құруға шақырды.
Холодный ключ — су құбырының болмауынан қиындық көріп отырған жалғыз кент емес. Биыл Семей шетіндегі Восход және Водный кенттерінің тұрғындары ел президентіне хат жазып, су құбырын жүргізіп беруді талап еткен.
Шығыс Қазақстан облысында орналасқан, 300 мың тұрғыны бар Семей бұрын Семей облысының әкімшілік орталығы болған. 1997 жылы аймақты Шығыс Қазақстан облысына қосып, оның орталығы Өскемен қаласы болып бекітілді.
ПІКІРЛЕР