Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенкоға коронавирус жұққанын оның баспасөз хатшысы Марина Сорока растады. Оның сөзіне қарағанда саясаткердің дене қызуы көтерілген, жағдайы – күрделі. Сорока Тимошенконың нақты қай жерде емделіп жатқанын айтпады.
59 жастағы Юлия Тимошенко жоғарғы рададағы ірі оппозициялық фракцияны басқарады.
Эпидемия басталғалы бері ол үкіметтің коронавируспен күрес шараларын сынап келеді. Саясаткер ресми статистика елдегі шынайы жағдайды көрсетпейді деп те айтқан.
Осы аптада Украинада коронавирус жұққандар күрт көбейді. 22 тамызда елде бір күнде 2 328 жаңа науқас анықталған.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, елде вирус жұқтырғандар 107 379 адамға жеткен, 2 313 адам қайтыс болған.
Тимошенко 2004 жылғы елде жемқорлық пен сайлау қорытындысына қарсы наразылық жалғасып жатқан кезде танымал тұлғаға айналған.
Ол 2010 жылы президент сайлауына қатысып, ресейшіл Виктор Януковичтен жеңіліп қалды. Одан кейінгі жылдары "өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталып, 2011 мен 2014 жылдар аралығында түрмеде отырды. Халықаралық қауымдастық оның ісінің саяси астары барын айтқан.
2014 жылы Янукович биліктен кетірілгеннен кейін Тимошенко бостандыққа шыққан.
ПІКІРЛЕР