Беларусьте авторитар басшы Александр Лукашенконың отставкасын талап еткендерді қуғындау күшейген шақта жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты 72 жастағы Светлана Алексиевичтің де тергеуге шақырылғаны белгілі болды. Тергеу комитеті 26 тамызда Алексиевичтен сұрақ-жауап алады. Бір күн бұрын оппозицияның үйлестіру кеңесінің екі мүшесі "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырғаны үшін" қамауға алынған еді.
Лукашенко бұған дейін оппозиция құрған үйлестіру кеңесін "билікті басып алуға талпынды" деп айыптаған. Ал кеңес өкілдері елдің конституциялық құрылымын өзгертуді көздеп отырмағанын, биліктің бейбіт жолмен ауысуы үшін үкіметпен келіссөз жасауды мақсат етіп отырғанын айтқан. Шамамен отыз шақты мүшесі бар оппозициялық кеңестің құрамына осыған дейін Алексиевич те кірген еді. 21 тамыздан бері билік оппозиция мүшелерінің үстінен қылмыстық іс қозғап, сот арқылы қуғындап жатыр.
Оқи отырыңыз: Алексиевич Лукашенкоға: Кеш болмай тұрғанда, кет!
Батыс елдері ресми қорытындысын мойындамаған даулы президент сайлауына қатысқан оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская "елдегі демократиялық қозғалыстың сағы сынбайды" деп мәлімдеді. “Беларусь азаматтары екі апта бойы қайсарлық көрсетті” деді Литвада тұрып жатқан Тихановская.
Еуроодақ өкілі AFP агенттігіне берген жауабында сыртқы істер министрлер блогы 26 тамызда Беларусьтегі дауыс ұрлау мен наразыларды жазалауға қатысы бар 15-20 шақты ресми тұлғаның активтерін бұғаттап, саяхаттауына тыйым салу мәселесін талқылайды деп айтқан.
ПІКІРЛЕР