Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында адам құқығын қорғауға бағытталған шаралар қабылдау қажеттігін айтып, бұл мәселеге қысқаша тоқталды. Кибербуллингтен балалардың көбірек зардап шегіп жатқанын айтқан президент Қазақстан бала құқығы туралы факультативтік протокол конвенциясына қол қоюы тиіс деді.
Ол сонымен бірге азаптаумен күрес жөніндегі ұлттық заңнаманы жетілдіру де мәселе күйінде қалып отыр деді.
"Адам азаптағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін бұл құжатты азаптау мен өзге де адамдыққа жатпайтын әрекеттермен күрес жөніндегі халықаралық конвенция шарттарымен сәйкестендіру керек" деді. Ол адам саудасымен де күресті күшейту керек деді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар түрмелердегі азаптау фактілерінің көбісі ашылмай қалады, оған кедергілер көп деп санайды. Азаптау туралы шағымдардың тек кейбірі ғана сотқа жетеді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері үкіметтері Қазақстан билігін түрмедегі азаптауды тоқтатуға бірнеше рет шақырған. Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда "тұтқындар мен күдіктілерді азаптау" қалыпты жағдайға айналғанын айтқан. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы биыл жариялаған есебінде Қазақстанда түрмеде отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған.
ПІКІРЛЕР