Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Сталин кезеңінде қуғын-сүргінге ұшыраған республиканың әрбір тұрғынының тарихын зерттеуді тапсырды. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өзбекстанда совет кезінде 100 мың адам репрессияға ұшыраған, 13 мың адам атылған. 31 тамызда өткен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасында Мирзияев әрбір құрбанның тарихын зерттеп, олар туралы кітіп шығарып, аты-жөндерін көшелер мен мектептерге беруді тапсырған.
"Олар нағыз көшбасшы, зиялы қоғам өкілі, үздік әдебиетші, мәдениет қайраткері болған. Егер қуғын-сүргінге ұшырамағанда елдің ғылым-білімін, экономика, мәдениет, әдебиетін дамыту үшін зор үлес қосар еді, халқымыз алға жылжыған болар еді!" деді Мирзияев.
Өзбекстанда совет кезеңінде қуғын-сүргінге ұшырағандар арасында жазушылар Абдурауф Фитрат, Абдулла Кадыри де болған. Зиялы қауым өкілдері мен революционерлерден бөлек, он мыңдаған қарапайым шаруа репрессиядан зардап шеккен.
Шамамен отыз жыл бойы архив деректері мен естеліктерін жинаумен айналысқан "Мемориал" құқық қорғау тобының дерегінше, Совет одағында 12,5 млн адам репрессиядан зардап шеккен.
2009 жылы "Евразийский монитор" ұйымы жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, Өзбекстан тұрғындарының 53 пайызы Сталиннің тарихтағы рөліне оң баға берген.
Пост советтік республикаларда Сталинге байланысты қарама-қайшы пікір бар. Кейбірі, негізінен зейнет жасындағы адамдар "көсемнің" мемлекет құрудағы рөлін айтса, көбі совет диктаторы билеген тұста миллиондаған адамның қуғын-сүргінге ұшырағанын айтады. Олардың бір бөлігі атылды, бір бөлігі күштеп ұжымдастыру нәтижесінде аштықтан қырылды, еңбек лагерьлеріне жіберілді. Қазақстанда тарихшы ғалымдар келтірген деректерде 20-ғасырда совет билігі тұсында болған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннен қазақ халқының қатты зардап шеккені айтылған.
ПІКІРЛЕР